$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Қарағандыда экс-премьер-министр Серік Ахметовтің ісіне қатысты куәгерлер сұрала бастады

AstanaTV
03.09.2015ж. 13:00
1205
Қарағандыда экс-премьер-министр Серік Ахметовтің ісіне қатысты куәгерлер сұрала бастады

Бүгін Қарағандыда Серік Ахметовтің ісіне қатысты сотта куәгерлер сұрала бастады. Сотта белгілі болғандай, Қарағандының бұрынғы шенеуніктері экс-премьер-министрдің ағасы Берік Ахметовтің кәсібін дөңгелетуіне расында да ерекше жағдай жасапты. Мәселен, 2011 жылы Берік Ахметов басқарған «Сталь Цинк» фирмасы ешбір тендерге қатыспастан, қала көшелерін жөндеп келген.

Бұл туралы бүгінгі отырыста «Қалалық Жарық» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Қадырбек Әбдіров мәлімдеді. Куәгердің айтуынша, қалалық коммуналдық тұрғын үй шаруашылығының бұрынғы бастығы Мұхтар Әубәкіров аталған ұйымға тек қана « Сталь Цинк» фирмасымен келісімшартқа отыруды бұйырған. 2011 жылы Бейбітшілік бульвары, Гоголь көшелерінің қоршауын, жарықтандыру бағаналарын толығымен тек «Сталь Цинк» компаниясы ғана орнатқан. Мемлекеттік тапсырысқа байқау ұйымдастырылмаған. Сот куәгердің жауабына дәлел бола алатын барлық құжаттарды тез арада тапсыруды талап етті.

Қадырбек Әбдіров, куәгер, «Қалалық жарық» КҚК бас директоры:

2011 жылы сәуір айында  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бұрынғы басшысы маған «Сталь Цинкпен» ғана келісімшартқа отырасың, деген бұйрық берді. Әкімдіктің де келісімі бар болатын. Сондықтан осы фирмамен ғана жұмыс жасадық. Мен мемлекеттік тапсырысқа байқау өткізу керек деп ескерткем. Бірақ оны тыңдаған жоқ. 

Айжан ҚУАШ