Оңтүстіктің
диқандары болса қаптаған шегірткеден мезі болған. Арыс қаласына қарасты Қаражантақ ауылында
қарбыз еккен шаруалар өнімнен қағылдық деп шырылдап отыр. Марокко шегірткесі
көк түйнекті кеміріп, алқапты тып-типыл етуде. Ал 500 гектар жерді дәрілеуге
бары-жоғы екі техника бөлінген. Шенеуніктер шаруалардың аздап шығынға ұшырайтыны
болмаса, аса қауіп төніп тұрған жоқ дегенді айтудан танбады.
Он шақты
күнде алғашқы өнімге қол жеткізіп, пайда табамын деп құлшынып отырған Ғалымжан
Әлиевтің бүгінде салы суға кеткен. Алқапты шегіртке қаптап әне-міне піскелі
тұрған қарбызын көктей солдырғанын айтып ашынады. Өзі қолдан бірнеше рет
дәрілегенмен қайран болмапты. Еңбегім еш кетті, шаш етектен шығынға баттым, - дейді шаруа.
Ғалымжан
Әлиев, Қаражантақ ауылының тұрғыны:
Биыл
бала-шағаға бірдеме болсын деп, 3 гектарға қарбыз еккем. Көктемнен бастап бейнет.
Енді ақыры мынау болды. Шегіртке деген жаулады. Биліктен ешқандай көмек жоқ,
сөздің ашығы. -Енді қайтесіздер? -Қайтеміз, тастаймыз.
Диханшылықпен
күн көріп отырған Қаражантақтағы талай адамның күні осы. Шегірткелер қарбыз біткенді кеміріп, пәлегіне дейін дым
қалдырмай жайпап барады. Тұрғындар енді не істерін білмей дал.
Ләззат
Тәйтелиева, Қаражантақ ауылының
тұрғыны:
Тапқан-таянғанымыздың бәрін осы қарбызға жұмсап отырмыз. 800 мың несие алып еккенбіз.
Бұған бір самолетпен жердің бәрін дәрілесе, көмек берсе. Екі
машина жіберген ауылға, екі машинадан өліп жатқан жоқ.
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек,
шегірткенің ошағы көршілес Ордабасы ауданында көрінеді. Марокко шегірткесі
соңғы екі аптада Арыс қаласы маңындағы ауылдарға лап қойған.
Сапарбай
Дәрібайұлы, Арыс қаласы әкімінің орынбасары:
Мұның
себебі көршілес Ордабасы ауданының аумағынан бұрын білінбеген үлкен бір
орталығы табылып, соның зиянкестері біздің шаруашылықтардың қожалықтарға зиянын тигізе бастаған әңгіме
басталып, соған жұмыстар жүргізіп жатыр.
Шегіртке жайы бүгін Астанада да сөз болды.
Салаға жауапты министрлік өкілі зиянкестерге қарсы күрес қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Бұған
техника да, арнайы химикат та жеткілікті
деп отыр.
Алмабек
Марс, ҚР АШМ комитет төрағасының орынбасары:
Оңтүстіктегі
ахуалға келсек, жағдай бақылауда. Жергілікті билік тиісті шараларды қабылдап
жатыр. 26 мың гектардай аумақты химиялық өңдеуге 48 млн теңге бөлінген. Қосымша
тағы 10 мың га аумақты дәрілеу үшін препараттар жіберілді. Техника жеткілікті,
жұмыстар жүріп жатыр.
Ал
шаруаларға келген шығын өтеле ме, жоқ па - бұл сұрақтың нақты жауабын ешкім дөп
басып айта алмай отыр. Салы суға кеткен дихандар, тым болмаса "мойнымыздағы
несиені өтеуде жеңілдік қаралса", дейді.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ