$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Регрессниктердің жәрдемақысы тағы да қысқарды

AstanaTV
04.09.2015ж. 13:00
1480
Регрессниктердің жәрдемақысы тағы да қысқарды

Қарағандылық регрессниктер тағы да жәрдемақы дауына тап болды. 3 мыңға жуық мүгедек кеншіге төленетін ақша 30-дан 40 пайызға дейін қысқартылған. Бұрынғы шахтерлардың айтуынша, ол соманы сақтандыру компаниялары қиып тастаған. Оның үстіне ауыр өндірісте денсаулықтарынан айырылған кеншілердің, орташа жалақысы барлық қазақстандықтардікімен теңестірілген.

Екі бірдей қаржы соққысына төзе алмаған мүгедек кеншілер бүгін «Қорғау» кәсіподақ ұйымы мен аймақтық еңбек инспекциясы өкілдерімен кездесіп, көмек сұрады. Өйткені сақтандыру компаниясы осы кезге дейін төленіп келген ақшанының қиылу себебін 27 сәуірде бекітілген жаңа еңбек заңымен байланыстырып отыр. Бұрынғы шахтерлар болса, 30-40 пайызға азайған жәрдемақыларын алып үлгерген.

Табиғат Шонанов, ІІІ топтағы мүгедек, бұрынғы шахтер:

Жәрдемақымның 40 пайызын ұстап қалып отыр. Оны мен қайда жұмсаймын? Дәріге ме, бала-шағама ма? Жетпейді. Қандай жүйемен ұстап отыр? Конституцияға бағынатын заң емес. Үкімет қайда қарап отыр?

Айта кету керек, регрессниктердің жәрдемақысын сақтандыру компаниялары 2013 жылы тағы да қиып тастаған еді. Наразы мүгедек кеншілер ол кезде жаппай наразылық білдіріп, ақшаларын әрең даулап алған. Бұл жолы проблеманың нақты шешімін билік тарапы түсіндіріп бере алмай отыр.

Қанатбек Балсариев, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасы бастығының орынбасары:

Қазір құжаттарды қарап танысқан жоқпыз. Оларды көрмей жатып, дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын.

Айжан ҚУАШ