Қарағандылық мүгедек кеншілер кезекті рет жәрдемақы дауына тап болды. 3 мыңға жуық азаматқа төленетін ақша көлемі 30-дан 40 пайызға дейін қысқартылған. Бұрынғы шахтерлардың айтуынша, ол соманы сақтандыру компаниялары қиып тастаған. Өндірісте ауыр еңбектен қажып, денсаулығынан айырылған кеншілердің орташа жалақысы қатардағы қазақстандықтардың айлығымен теңестірілген. Бұл да кеншілерге кері әсер еткен
сыңайлы.
Осыған байланысты мүгедек кеншілер бүгін
«Қорғау» кәсіподақ ұйымы мен аймақтық еңбек инспекциясы өкілдерімен кездесіп,
көмек сұрады. Өйткені сақтандыру компаниясы осы кезге дейін төленіп келген
ақшаның қиылу себебін 27 сәуірде бекітілген жаңа еңбек заңымен
байланыстырып отыр. Бұрынғы шахтерлардың көпшілігі 30-40 пайызға азайған
жәрдемақыларын алып үлгерген.
Табиғат Шонанов, ІІІ
топтағы мүгедек, бұрынғы
шахтер:
Жәрдемақымның 40
пайызын ұстап қалып отыр. Оны мен қайда жұмсаймын? Дәріге ме, бала-шағама ма?
Жетпейді. Қандай жүйемен ұстап отыр. Конституцияға бағынатын заң емес. Үкімет қайда қарап отыр?
Айта кету керек,
мүгедек кеншілердің жәрдемақысын сақтандыру компаниялары 2013 жылы да қиып
тастаған еді. Бұған ашынған азаматтар ол кезде жаппай наразылық білдіріп, ақыр
соңында өздеріне тиесілі қаражатына қол жеткізген еді. Бұл жолы мәселенің нақты
шешімі табыла ма, жоқ па - ол жағы әлі беймәлім болып тұр.
Қанатбек Балсариев, Қарағанды облысы Еңбек инспекциясы басқармасы бастығының орынбасары:
Қазір құжаттарды қарап
танысқан жоқпыз. Оларды көрмей жатып, дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын.
Айжан ҚУАШ