$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстары оқу бағдарламасына енгізілуі мүмкін

AstanaTV
04.09.2015ж. 20:00
2543
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстары оқу бағдарламасына енгізілуі мүмкін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстары оқу бағдарламасына енгізілуі керек. «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің пікірі осылай. Бұл мәселе бүгін Алматыда өткен Қазақстан саяси шешімдер институты сараптамалық-талдау тобының сұхбат алаңында көтерілді. Ал, білім беру мекемелері бұл қадамға әдістемелік жағынан қаншалықты дайын? Аталған пәннен сабақ беретін ұстаздар бар ма? Сарапшылар осы сауалдарға жауап іздеп көрді. 

Адам өмірден нені үйреніп, неден жирену керек екенін бала кезінен бойына сіңіріп өседі. Бұл қалыптасқан тәрбие үлгісі. Сондықтан кез-келген мәселені заңды жолмен шешуге болатынын оқушының санасына жеткізу - бүгінгі күннің талабы. Сарапшылар пайымы осы. Келесі оқу жылынан бастап мектептегі оқу бағдарламасына «жемқорлыққа қарсы» жаңа пән енгізілмек.

Арман Өтепов, ҚР МҚІЖСЖҚ іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

ЖОО мен колледж, лицейлерде «Құқық негіздері» пәні өткізіледі. Бірақ ондағы жалпылама айтылған мәселе қоғамды дендеген індетке тосқауыл қоюға аздық етеді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы оқулық негізгі пән ретінде енгізілуі қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес пәні осыдан екі жыл бұрын Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов  атындағы  мемлекеттік университетінде енгізілген. Оқу ордасының ректоры Асқар Нәметовтың айтуынша, жүргізіліп отырған дәрістің нәтижесі мол. Бүгінде студенттер «жемқорлықпен күресудің  негіздерін» ұғынып, қоғамды жайлаған індетке тойтарыс беру жолдарын меңгерген.

Асқар Нәметов, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры:

Бірінші курс студенттеріне элективті жемқорлықпен күрес пәні ретінде ашқанбыз. Одан кейін ол тек ғана теориялық білім  болғандықтан, оны дамыту  мәселесі болу керек деп санаймыз. Біздің студенттерге 4 жыл бойы осыны ашық түрде айтып іске асыратын болсақ, сонда біздің жастарымыз кез-келген жемқорлыққа өзін жем қылып бере қоймайды.  Білімі жеткілікті болғандықтан, ондай жолға түсе қоймайды.

Батыржан Әшитов, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты партиялық бақылау қызметінің жетекшісі:

Бұл бағыттағы жұмыстар енді ғана басталды. Білім министрлігімен бірлесе отырып мәселені қарастырмақпыз. Бастысы  - қолға алынғалы отырған білім жүйесі жемқорлықты түбірімен жоюға ат салысып, қоғам мүшелерінің санасында тазалықты, ашықтықты  қалыптастыруға ықпал ету тиіс.

Дегенмен, аталған пәнді бағдарламаға енгізуде, тағы бір бір түйткілді мәселе бар. Ол - қажетті  оқулықтардың жетіспеуі. Сондықтан партия ұжымы бұл мәселеге де қатысты ұсыныстарды Үкіметке жолдауды жоспарлап отыр.

Айгүл ЕРМАХАН