Ғарышқа ұшқан үшінші қазақ Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш стансасының бортынан жұмысқа кірісуге дайын екенін айтып,«Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаевқа қоңырау шалды. Бұл туралы «Аэрокосмос» комитетіне сілтеме жасап, Қазақпарат хабарлайды.
Талғат Мұсабаев бұл оқиғаның күтпегенін айтады. «Мен осы уақытта жұмыс кабинетіндемін.
Бірнеше сағат бұрын тікелей эфирден ХҒС штаттық түйісуін көрдім, экипаждың стансаға ауысуы туралы ақпаратты күттім. Тап сол сәтте қоңырау шалынды. Тыңдасам, Айдынның дауысы. Қатты қуандым, әрине, бұл ойда жоқ күтпеген оқиға болды», - деп қуанышымен бөліскен. Ал, өз кезегінде, Айдын Айымбетов: «Өзімді сергек сезінемін, ғарыштық бағдарламаны орындауға кірісемін», - деген.
Естеріңізге сала кетсек, Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков пен дат ғарышкері Андреас Могенсен мінген ғарыш кемесі жерден қыркүйектің екісінде көтерілді. Айдын Айымбетов пен Андреас Могенсеннің ғарыш экспедициясы
8 тәулікке созылады. 12 қыркүйекте олар Жерге оралуы тиіс.
Айгүл ӘДЕПБАЙ