$445.68 €478.35 ₽5.57
×

Еуропада босқындар мәселесі белең алып барады

AstanaTV
07.09.2015ж. 20:00
4813
Еуропада босқындар мәселесі белең алып барады

Еуропада босқындар мәселесі белең алып барады. Демалыс күндері 13 мыңнан астам босқын неміс шекарасын кесіп өтті. Олармен бірге Ирак және Левант террористік ұйымының әскерлері де еніп жатқан көрінеді. Бүгін Рим папасы Франциск босқындарды  католиктік ғибадатханаларға орналастыруға шақырды. Айта кетсек, 2014 жылы Еуроодақ елдері 33 миллионға жуық босқынға пана болды. Экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан кәрі құрлық елдері енді ішкі қауіпсіздік мәселесіне алаңдаулы. 

Мажарстандағы мына вокзалды мыңдаған босқын паналауда. Еуропаға тыныш әрі бейбіт өмір іздеп келгендер дәл осы жерде түнеп, Еуроодақтың шешімін күтуде. Қаржы дағдарысынан бас көтере алмай жатқан кәрі құрлық енді босқындар мәселесімен бас қатыруда. Рим папасы Франциск Еуропадағы барлық католиктік ғибадатханаларды босқындарға барынша көмек қолын созып, уақытша болсын, пана беруге шақырды. Әрі ол Ватикан шіркеулерінің мигранттарды қабылдауға әзір екенін жеткізді.

Франциск, Рим папасы:

Еуропадағы әрбір шіркеу, ғибадатханалар мен католиктік медреселер - діни қауымдастықтардың бәрі босқындарға көмек қолын созып, тым болмаса бір отбасын жеке қамқорлығына алсын. Бұл алда келе жатқан «қасиетті жыл» қарсаңындағы игі қадамымыз болмақ.

Босқындардың басым бөлігі Македония, Сербия мен Грекия арқылы өтті. Олар тұрғындардың өмір сүру деңгейі жоғары Германияға қарай ағылуда. Қазір ел астанасы Берлин нағыз мигранттар лагеріне айналғандай.

Рами, ирактық босқын:

Бас сауғалап көшіп жатқандардың көбісі - кедей отбасылар. Олар Германияға жақсы өмір іздеп келуде. Бәріміз де еңбектеніп, білім алып, тыныш өмір сүргіміз келеді. Мен өз елім Иракта болғанымда дәрігерлік мамандықты меңгеріп жатқан едім. Алайда елге терроршылар кіргеннен кейін, қашуға мәжбүр болдық.

Самет, сириялық босқын:

Германия халқы босқындарға көмек көрсетіп жатыр. Сондықтан сириялықтардың көбі осында. Біздің елде соғыс жүріп жатыр. Қоныс аударуға тура келді.

Германия билігі соңғы екі тәулікте 15 мыңға жуық мигрантты қабылдаған. «Sunday Express» басылымының жазуынша, елге көшіп келгендердің қатарында Ирак және Левант террористік ұйымының адамдары да болуы мүмкін. Бундестагтың мәліметінше, ертең бұл елге тағы бір топ босқындар келіп жетеді деп күтілуде. Алайда неміс билігі оларды қайда және қалай орналастырарын білмей отыр.

Кристоф Хилленбранд, Жоғарғы Бавария үкіметінің басшысы:

Ертең таң сәріде Зальцбург қаласына босқындар мінген үш пойыз келіп жетуі тиіс. Барлығы 2100-ге жуық адам. Оларды Германияның өзге де аймақтарына орналастыра алсақ игі еді.

Ал қатарына Польша, Словакия, Чехия және Мажарстан елдері кіретін «Вышеградтық төрттік» мигранттарға квота беруден үзілді-кесілді бас тартуда. Мәселен, мажарстандықтар Сербия жағындағы шекарасына босқындармен күресу мақсатында әскер жөнелткен. Десе де, Еуроодаққа мүше мемлекеттер жақын күндері кезекті саммит өткізіп, босқындар мәселесін қайта қарауды жоспарлап отыр.

Жұрағат БАМАН