Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Таразда әкімшілік ғимараты өртке оранды

AstanaTV
09.09.2015ж. 20:00
1039
Таразда әкімшілік ғимараты өртке оранды

Таразда тапа-тал түсте «Тұрғын үй жөндеу» мекемесінің ғимараты отқа оранды. Қызыл жалынның қатты болғаны соншалық, ғимарат шатырының түгі қалмай жанып кеткен. «Алатау» шағын ауданында орналасқан мекеме көп қабатты үйлермен көршілес орналасыпты.

Тілсіз жаудан шошыған қызметкерлер дер кезінде сыртқа шығып үлгерді. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Нысанның ішіндегі бөлмелерге де тілсіз жау тимеген. Дегенмен тұрмыстық техникалардың біразы жарамсыз болып қалды. Ал  өрт сөндіру кезінде шашылған су құжаттарды жарамсыз етіп тастаған. Қазір өрттен келген  шығын көлемі анықталуда. Ал тілсіз жаудың неден шыққаны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, бұл биылдыққа Тараздағы әкімшілік нысандарда тіркелген екінші өрт оқиғасы. Бұған дейін маусым айында «Жамбыл облыстық қаржы басқармасы» орналасқан 9 қабатты ғимарат қызыл жалынға оранған еді.

Мансұр Шайкрамов, Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру мекемесі» басшысының орынбасары:

Сейфуллин көшесі бойындағы қызыл жалынды сөндіруге 40 минут жұмсадық. Қазір өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталуда. Тілсіз жау шарпыған аумақтың жалпы көлемі 400 шаршы метрді құрады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ