$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Орал мектептеріндегі оқулықтар баспаға қайтарылды

AstanaTV
09.09.2015ж. 20:00
1820
Орал мектептеріндегі оқулықтар баспаға қайтарылды

Оралда мектеп оқулықтарынан қате табылды. 5 сыныпқа арналған қазақ тілі мен математика пәні оқулықтарының мұқабасы теріс жапсырылған. Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Батиқа Пайдинаның сөзінше, бұл кітаптар «Атамұра» баспасынан шыққан көрінеді. Әзірге екі кітаптан осындай кемшілік табылып отыр.

Ал, бүгін белгілі болғандай, 4 сыныпқа арналған орыс тілі әдебиеті оқулығынан да бірқатар қателер табылған. «Алматы кітап» баспасы шығарған бұл оқу құралындағы ақын-жазушылардың портреттері өмірбаянымен сәйкес келмейді. Сондай-ақ кітаптың 16 беті кем екендігі анықталды.

Лаура Шаркубенова, Орал қаласындағы №21 орта мектептің директоры:

Кітапта кеткен қатені алдымен мұғалімдер тапты. Ата-аналар тарапынан бұған қатысты келіспеушілік болған емес. Баспаға хабарласқан едік, «Алматы кітаптың» өкілдері мұны баспахананың кемшілігі деп түсіндірді. Қазір барлық оқулықтар жиналып, кері тапсырылды. Алдағы аптада жаңасымен ауыстырып бермек.

«Алматы кітап» баспасының өкілдері мектеп оқулықтарының өзге елдерде басылып шығатынын жеткізді. Айтуларынша, биыл осы мемлекеттерде 55 мыңға жуық оқулық шығарылған. Енді өзге өңірлерде де осындай қате кітаптардың бар-жоғы анықталуда. «Алматы кітап» «оқу материалдарын түгелдей қайта басып шығарамыз» деп отыр.

Бүбіхан Шәкиева, «Алматы кітап» баспасының маркетинг жөніндегі басқарма басшысы:

Біз негізінен Қытайда және Түркияда басамыз. Енді мұндай кемшілік, типографиялық кемшілік бізде бірінші рет кездесіп отыр. Сондықтан біз қалай естігеннен бастап бірден келіп, оқулықтарды алып, 1600 экземпляр бір қала бойынша қайтадан басып, келесі дүйсенбіде оқулықты жеткізіп береміз.

Ерлан КАРИН