Керекуде
бір топ жанар-жағармай құю бекеті өзара келісіп, бензин бағасын әдейі
қымбаттатқан көрінеді. Осыған орай облыстық табиғи монополияларды реттеу
және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеру жұмыстарын бастады.
Анықталғандай, Үкімет АИ-92 маркалы бензин
бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқан күні аймақтағы бірнеше май құю бекеттері жанармай құнын бірден 20 пайызға көтеріп жіберген. Салдарынан
тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие бензин түрі 129-130 теңгемен
босатылды. Аталған департаменттің араласуынан соң, ахуал тұрақталған. АИ-92
маркалы бензиннің литрі 124 теңгеден сатылып жатыр. Жергілікті билік өкілдері, мұндай жағдай қайталанбас үшін, әр сағат
сайын мониторинг жүргізіп отырғандарын мәлімдеді.
Мұрат
Оспанов,
Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау
департаменті басшысының орынбасары:
Егер аталған жанармай бекеттері арасында өзара баға келісімі болғаны анықталса, олар қолданыстағы заңға сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жаза айыппұл
ретінде тағайындалмақ. Оның көлемі бағаны көтеру кезінде түскен кірістің 3-5
пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ