Оралда
тұрмысы төмен отбасылардың балалары білім алатын кешкі мектепте шәкірттерге
ешқандай жағдай жасалмаған. Прокурорлардың дерегінше, оқушылар дәрігерлік
тексеруден өтпейді. Бұл аздай, білім ошағында
санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Негізінен тәрбиесі
"қиын" бұзақы балалар оқитын білім ордасындағы келеңсіздіктер жайлы
Еркін Карин әңгімелейді.
Мектепке
кеш барған Александр өз қатарластарынан екі жыл артта қалып қойған. Қазір
8 сыныпта оқитын бозбаланың оқуға деген ынтасы төмен. Ол мұның себебі біреу
емес, бірнешеу екенін айтады.
Александр
Шевяхов, «Кешкі
орта мектеп»
МКҚК оқушысы:
Мектепте оқулықтарды үйге бермейді, алып қалады. Нақты бір оқу бағдарламасы жоқ.
Асхана мен әжетхана жоқ, тіпті ішерге су
таппаймыз. Ешқандай жағдай жасалмаған. Осыдан кейін мұнда қалай оқисың?
Бір
кездері қыздар гимназиясы болған бұл ғимаратта қазір тәрбиесі қиын бұзақы
балалар мен теріс қылығымен танылғандар
оқиды. Бірақ "жаман баланың болмайтынын" алға тартқан прокурорлар
мектептің заманауи талаптарға сай болуы қажеттігін айтады.
Алмагүл
Исмағұлова, Орал
қаласы прокурорының аға көмекшісі:
Оқушылар
тамақпен қамтамасыз етілмеген, әлеуметтік көмек көрсетілмейді, оқу құралдары да
берілмейді. Бұл аздай, дәрігерлік тексеруден өтпеген. Ал жазғы демалыс туралы
айтудың өзі артық.
Мектеп
басшылығы бұл кемшіліктерді теріске шығармайды. Әбден тозығы жеткен ескі
ғимаратқа кәріз жүйесін жүргізу мүмкін емес деп ақталған болды. Сондықтан оқушылар қысы-жазы даладағы дәретханаға баруға мәжбүр.
Рафаиль
Насыров, «Кешкі
орта мектеп»
МКҚК директоры:
Мұндағы
оқушылардың дені - 15 жастан асқан балалар. Сондықтан олар өз қатарластарынан
қысылып, біздің көмегімізден бас тартуы мүмкін. Оларды күштей алмаймыз. Ал
оқулықты қолдарына бермейміз, өйткені біздегі оқу бағдарламасы барынша
жеңілдетілген, үй тапсырмасын мектепте орындайды. Алдағы уақытта қосымша
оқулықтар алдыратын боламыз.
Мектептегі
120 оқушының арасында ата-анасыз қалған жетімдер мен тұрмысы төмен отбасының балалары
да бар. Енді жергілікті атқарушы орган өкілдері мен білім бөлімі қызметкерлері
мектептің жағдайын бір айдың ішінде түзеуі тиіс.
Еркін
КАРИН