Мұсылманның бес парызының бірі қажылықты өтеуші
отандастарымыздың алды ертең, яғни 11 қыркүйек күні, елден аттанбақ. Қасиетті
сапарға биыл Қазақстаннан 4 мың мұсылман барады. Өткен жылдармен салыстырғанда әуе қатынасы жақсарған, - дейді діни басқарма өкілдері.
Бұған дейін қазақстандық
мұсылмандар қасиетті мекенге Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктері арқылы
ұшатын. Биылдан бастап Алматыдан Мәдина мен Джидда қалаларына тікелей әуе
қатынасы ашылды. Отандастарымызды бұл сапарға 100-ге жуық имам бастап барады.
Олар ниет білдіруші азаматтарға қажылықтың шарттарын түсіндіріп, бастан-аяқ
бірге болады. Сауд Арабиясына қалың топпен бірге дәрігерлер де аттанбақ. Олар
қажылық барысында азаматтардың денсаулығын қадағалайды.
Меккедегі Әл-Харам
мешітінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты Сауд Арабиясы биыл
қажылыққа келетіндер санын 20 пайызға қысқартты. Соның өзінде бір миллион
адамға шамамен бір мың квотадан келеді. Қазақстанда 10 миллионнан астам мұсылман
барын ескерсек, елімізден жыл сайын 10 мыңдай адамның қажылыққа баруға
мүмкіндігі бар.
Қанат
Бекжанов, Қазақстан
мұсылмандары діни басқармасы қажылық бөлімінің меңгерушісі:
Биылдан бастап қажыларымызды
Сауд Арабиясының компаниясы отандық авиакомпания «Флайнас» тікелей чартерлік
рейсімен тасымалдайды. Бұл
небәрі 6 сағатты ғана құрайды. Алматыдан шыққаннан кейін 6 сағат 15 минуттың
ішінде Джидда және Мәдина қалаларына жетіп баратын болады. Қайтуы қыркүйек
айының 27-сінен басталады. Қазан айының 11-не дейін жалғасады.
Самат ҚАНАҒАТОВ