$519.51 €611.83 ₽6.6
×

СҚО сүт зауыттары әлі күнге дейін былтырғы жылдың демеу қаржысына қол жеткізе алмай отыр

AstanaTV
10.09.2015ж. 20:00
1506
СҚО сүт зауыттары әлі күнге дейін былтырғы жылдың демеу қаржысына қол жеткізе алмай отыр

Солтүстік Қазақстан облысының сүт зауыттары былтыр берілуі тиіс  қолдау қаржыға қол жеткізе алмай отыр. 2014 жылдың төртінші тоқсанына тиесілі субсидия биылғы мамыр айына дейін кәсіп иелеріне таратылуы тиіс болатын. Алайда билік өкілдері оны "желтоқсан айында бөлеміз" деп, уәде етіп отыр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылжардағы филиалында бизнес өкілдері мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығы бас қосқан жиын өтті. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған дейін сүттің  литрін 90 теңгеден алып келген зауыттар қазір 70 теңгеден қабылдауда. Осыған байланысты дайын өнімнің өзіндік құны да біршама еселене түседі. Тауар құны қымбат болған соң, ол импортталған өнімдермен бәсекелес болуға қауқарсыз. Ал "сүтті қабылдау бағасын төмендетсек, ауыл жұрты жалғыз табыс көзінен айырылады", - дейді зауыт иелері. Осының салдарынан шығынға белшеден батқан сүт өндірушілері мемлекеттен берілетін демеу қаржыға мұқтаж болып отыр.

Сергей Чепурко, сүт зауытының директоры:

Біз 9 млн теңгедей субсидия беріледі деп күтіп отырмыз. Бұл мәселені толық шешпегенімен, өндірісті тоқтатпауға мүмкіндік береді. Көптеген аймақтар оны алып та үлгерген. Біздің неге кеш қалғанымыз түсініксіз.

Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің пайымдауынша, аймақтарға қаражат тарату ісі тікелей министрлік арқылы жүргізіледі. «Қаржы  республикалық бюджеттен толықтай бөлінген соң, бізге министрліктің шешімімен келісуге тура келеді», - дейді олар.

Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық кәсіпкерлер палатасы сүт өндірушілерін демеу қаржымен тек қыс кезінде емес, сәл ертерек қамтамасыз етуді ұсынды. Себебі сүт зауыттарының жұмысы көктем мен жаз мезгілінде қыза түседі. Қосымша қаражат та осы кезде ауадай қажет екен.

Қайрат Омаров, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Біз министрлікке қаражатты ертерек түсірсін деп, бірнеше рет өтініш жаздық. Бұл мәселе оң шешіледі, деп ойлаймын. Жалпы, облыс бойынша бізде 9 сүт зауыты бар. Оған барлығы 682 млн теңге субсидия ретінде беріледі. Ал ақшаны қыста емес, жазға қарай төлеу ұсынысы қаралады, деп ойлаймын.

Абзал ҚҰРМАНКИН