Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қостанай облысының әкімі ауысты

AstanaTV
11.09.2015ж. 20:00
1574
Қостанай облысының әкімі ауысты

Қостанайда парақор шенеуніктерді қамауға алу шарасының соңы облыс әкімінің қызметінен кетуіне әкеп соқты. Бүгін аймаққа жаңа әкім тағайындалды. Енді астықты өңірді Архимед Мұхамбетов басқаратын болады. Ал облыстың бұрынғы басшысы Нұралы Садуақасов орнын босатты.

Облыстық маслихаттың кезектен тыс сессиясында өңірге жаңа басшы тағайындау мәселесі қаралды. Архимед  Мұхамбетовті Қостанай облысының әкімі етіп тағайындау жөніндегі Елбасының ұсынысын депутаттар  бірауыздан қолдады. Ал, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин аймаққа жаңа әкімді таныстырды.

Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Архимед  Мұхамбетов кәсіпкерлік саласында тәжірибесі мол, Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарды. Біз оны талабы жоғары басшы, халықпен жұмыс істей алатын адам, және өте сауатты азамат ретінде танимыз.

Елбасының жарлығымен бүгіннен бастап Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды. 43 жастағы атқамінер бұған дейін Ақтөбе облысын басқарған. Енді ол асиықты аймақтың ілгері дамуына өз үлесін қоспақ. Жаңа әкім Президенттің жүктеген тапсырмаларын орындап, ел үмітін ақтауға бар күш-жігерімді саламын деп, ағынан жарылды.

Архимед  Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

Елбасымыз, көшбасшымыз маған тағы  да бір үлкен сенім артып, осы өңірге басшы етіп тағайындап отыр. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.

Ал облысты бұған дейін басқарған Нұралы Садуақасов аймақ әкімі болып 2012 жылы тағайындалған-ды. 2000-шы жылға дейін  бірнеше  ауданды басқарып, кейін Қостанай қаласына әкім болған ол бірнеше жыл әкімнің орынбасары лауазымын атқарды. Ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде астықты өлкеге  айтарлықтай жаңалық  әкелді деп айту қиын. Керісінше, облыс үш жыл қатарынан өнімді жинап ала алмай,  талай рет шу көтерілді. Әсіресе былтыр бітік шыққан бидайын қамбаға құя алмай қиналған диқандардың жанайқайы жиі естілген.

Нұралы Сәдуақасов, келбетін орыстың «матрешкасына» сомдатып, әнұранның орнына шетелдік әуенді қосатын шараларға қатысуымен ғаламторды дүр сілкіндірген еді. Қарамағындағы шенеуніктердің шетінен парақор деген күдікке ілініп, қамауға алынуы  да аймақ басшысының абыройын төмендетті. Қаланың экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов кеше ғана сот санкциясымен үйқамаққа алынды.

Ләззат Мұхамеджанова, Қостанай қалалық №2 сотының судьясы:

1966 жылы желтоқсанның 8 күні туған Ахметбек Масақбайұлы Ахметжановты 2 ай мерзімге үй қамауына алу туралы сот  санкция берді.

Бөлім басшыларынан бастап қала әкімінің орынбасарына дейінгі лауазымды тұлғалардың жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінуі облыс әкімінің қызметінен кетуіне себеп болған секілді. Осыдан кейін Нұралы Садуақасовтың қандай қызметке тағайындалары белгісіз. Бірақ Үкімет басшысы оның басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнын босатқанын атап өтті.

Заңғар САНАЙ