Алматыда
екі бірдей сәбиімен өз үйінде өртеніп кеткен 23 жастағы әйелдің ісіне қатысты
сот үкім шығарды. Алатау аудандық сотының судьясы жантүршігерлік оқиғаға кінәлі деп танылған 5
азаматқа бірдей жаза тағайындады.
Газ
құбырын жүргізетін жеке компанияның басшысы, оның екі дәнекерлеушісі және
«КазТрансГаз Алматы» кәсіпорнының екі қызметкерінің әрқайсысы 3 жыл 6 ай
түрмеде отыратын болды. Олар «салғырттығы» және «өрт қауіпсіздігін сақтамағаны»
үшін айыпты деп танылды. Енді айыпталушылар жазаларын қоныс колониясында
өтейтін болады. Сондай-ақ сот шешімімен
зардап шеккен отбасы мүшелеріне 29 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы
төлеуі тиіс.
Мұрат
Шолпанқұлов, Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы:
Сот, Қазақстан Республикасы
Қылмыстық кодексінің төмендегі баптарын негізге ала отырып, үкім етеді.
Қылмыстық кодекстің 104-бабы 2-бөлімі, яғни абайсызда екі немесе одан да көп
адамдардың өліміне соқтырғаны үшін, 204-бап 2-бөлімі - біреудің мүлкін бүлдіру
және 256-баптың 2-бөлімі - өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін, сотталушылардың
бырлығы айыпты деп танылсын.
Бірақ
2 жылдан бері әділдік іздеген отбасы мүшелері аудандық соттың үкімімен
келіспеді. Олардың ойынша, соттың
шығарған жаза мерзімі аз және бұл алдағы уақытта жеке үйлерге газ тартумен
айналысатын мекемелерге сабақ болмауы мүмкін. Айта кетейік, жарылыс 2013 жылы 25 қазанда
«Айгерім-2» ықшам ауданындағы мына үйде болған еді. Табиғи газдың жарылуынан
шыққан өрттен 23 жастағы жас әйел қырқынан да шықпаған сәбиімен және 6 жастағы
бүлдіршінмен бірге үйден шыға алмай, тірідей жанып кеткен.
Жанар
Чаграева, марқұмның анасы:
Бүгінгі
сот шешімімен келіспеймін. Себебі 3-ақ жыл
берді. Оның 6 айын отырды. 2,5 жылда қоныс колониясында өтемек. Балаларымды
тірідей өртеп жіберген адамдарға аз бұл. Мен қарсымын, енді апелляциялық
шағым беремін. Соңына дейін барамын.