Тобыл
өңіріндегі колледждер қажетсіз мамандарды даярлауда. Басым бөлігі болашақ
заңгерлер мен қаржыгерлерді оқытып келген білім ошақтарының түлектері - еңбек
нарығында сұранысы жоқ кадрлар. Соның салдарынан аймақта кейбір кәсіп иелерінің
тапшылығы туындап отыр. Бұл жөнінде Қостанай облысы бойынша білім саласын
қадағалау департаментінің өкілдері айтты.
Қостанай
облысында барлығы 43 колледж бар. Оларда 85 бағыт бойынша кәсіби және техникалық мамандар
даярланады. Алайда, аймақтағы орта білім ошақтарында оқытылатын 33 мамандық
түрі қайталанады.
Жұлдыз
Стамқұлова, колледж студенті:
Бала
кезімнен армандаған мамандығым осы заңгер мамандығы болды. Біліміме сенімдімін, сондықтан мен өзімнің осы мамандығым арқылы өмірде өз орнымды табамын деп
ойлаймын.
Жұлдыз сияқты студенттер жүздеп саналады. Колледж басшылығы, "қазіргі
заманға қажет мамандарды даярлау үшін арнайы бөлімдер аштық. Алайда, ата-аналар
мен шәкірттер көпшілікке кеңінен танымал
заңгер немесе қаржыгер мамандығын таңдайды", деп отыр.
Қабиболла
Хамзин, Қостанай
экономикалық колледжінің директоры:
Балалар
да келетін, ата-аналар да бұл жаңа мамандықтардың негізін әлі түсіне қоймаған
шығар. Сондықтан әйтеуір жылына бір
топтан аламыз.
«Әлеуметтік қызметкер», «Мүлікті бағалау»
секілді жаңадан ашылған бөлімдерге жастар аз баратын көрінеді. Ал осы саланы таңдағандар, оқуды бітіре
салысымен жұмысқа орналасатындығына сенімді. Өйткені бұл мамандықтар қазір үлкен
сұранысқа ие.
Әйгерім Есжанова,
колледж
студенті:
Осы
мамандық, менің ойымша, өте қажет. Үлкен кісілерге жақсылық жасаймыз ғой енді.
Оларға біздің көмегіміз өте қажет болады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары
аймаққа 600 жүзден астам кадр қажет деп отыр. Әсіресе, дәрігерлер, мұғалімдер,
ауыл шаруашылық мамандары мен дәнекерлеушілер тапшы көрінеді.
Ғалия Қасымова,
Қостанай облыстық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының
бас маманы:
Біздің
облыста ең қажетті мамандар - дәрігерлер, мұғалімдер, инженелерлер және жұмысшы
мамандар - жетіспейді. Сондықтан өзінің мамандығы жоқ адамдарды «Жұмыспен қамту-
2020» жол картасы бойынша қайта оқытып, ары қарай жұмысқа орналастырамыз.
Басқарма өкілдері биыл 135 адамды қайта
оқытып, 50-ге жуық маманды жұмысқа орналастырғанын айтады. Сонымен қатар
өңірдегі кадр тапшылығы мен жұмыссыздық
мәселесін оңтайлы шешу мақсатында «Еңбек
жәрмеңкелері» ұйымдастырылып, осы
арқылы мыңнан астам адам жұмыс тапқан.
Заңғар САНАЙ