$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Астаналық валюта айырбастау пункттерінде теңге тапшы

AstanaTV
15.09.2015ж. 20:00
1521
Астаналық валюта айырбастау пункттерінде теңге тапшы

Теңге тағы да рекордтық көрсеткішке төмендеді. КАSЕ қор биржасының кешкі сессиясында бір доллар 282 теңгені құрады. Ал Астанадағы валюта айырбастау пункттерінде кешеден бері теңге тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты қаладағы бірқатар айырбас пункттері өз қызметтерін тоқтатқан. Ал бар жинап-тергендерін көк қағазбен ұстап отырған халық қаражаттарын ұлттық валютаға аудара алмай әлек.

Жаңағы қаражатымызды валютада ұстап отырдық қой. Енді теңге керек күнделікті тіршілігімізге. Өткізейік десек, курс жоғары жерде теңге таусылып қалып жатыр.

Бір рет келгенімізде, теңге жоқ, бір кісі келіп, доллармен барлық теңгені қаппен алып кетті деді. Сонымен ақша тауып жатыр ғой елдер.

Еске салсақ, еліміздегі теңге өтімділігінің тапшылығы туралы жыл басында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов айтқан болатын. Ол ұлттық валюта массасының төмендеуі салдарынан екінші деңгейлі банкілер несиелеуді тоқтатып, отандық  кәсіпкерлер зардап шегетінін, әрі девалвация болған жағдайда, теңге тапшылығы мәселесі жағадан алатынын айтқан. Тіпті ол теңге тапшылығы триллион теңгеге дейін жеткенін тілге тиек еткен-ді. Ал валюта нарығындағы тұрақсыздық биржадағы сауда-саттық көлемінің төмендігіне байланысты болып отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасының тілшілеріне «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк мәлімдеді. Айтуынша, ұлттық валюта еркін айналымға жіберілер бұрын, биржадағы сауда-сатттық көлемі 1 миллиард долларға дейін жетсе, қазір 300 миллион доллар көлемінде ғана.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Биржадағы сауда-саттық көлемінің төмен болуы теңге бағамына тікелей байланысты. Қазір биржаға қатысушылардың белсенділігі төмен болып тұр. Валюталық нарықтағы тұрақсыздық оларға ірі көлемді инвестициялық шешімдер қабылдауға кедергі келтіруде. Ал биржадағы қазақстандық ойыншылар жаңа экономикалық алаңмен танысуда. Сондықтан валюталық нарықтағы тербеліс қанша мерзімге созылатыны әлі белгісіз.