$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Мәжіліс 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарады

AstanaTV
15.09.2015ж. 20:00
1401
Мәжіліс 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарады

Мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін төмендесе де, Үкіметтің арқа сүйер қоры дайын тұр. Бұл туралы 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске таныстырып келген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Жаңа республикалық бюджет мұнай баррелі 2016-2017 жылдарға 40 доллар, ал 2018-2020 жылдарға 50 доллар деңгейінде болады, деген есеппен жасалған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

20 долларға төмендетсе, бізде біраз резервтеріміз бар. Біріншіден, соларды қолдануымыз керек. Қиыншылықтар болып жатса, біз тапшылығымызды, дефицитті бүгінгі 3 пайыздан 1,6 пайызға дейін келесі жылы, 2018 жылы 1 пайызға дейін төмендетіп отырмыз. Бұл біз үшін резерв болып отыр.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің стипендиясы мен мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақысы 25 пайызға көтерілмек. Әлеуметтік саланың қаржысына саусағымызды тигізбейміз десе де, кейбір жаңа бағдарламалар қысқартылған. Бірақ депутаттар Мәдениет министрлігіне жыл сайын фильмдердің аудармасына бөлінетін 38 млрд теңгеге наразылық білдірді. Бюджетті барынша үнемдеп жатқанда, министрліктер болжанбаған шығындарға миллиардтарды бөліп қойған. Халық қалаулылары бұған да ашынды.

Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрілігі, Ауыл шаруашылығы министрліктерінде өзге де шығындар деген бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тәбеті жоғары екен - 21 млрд теңге салған қосымша шығынға. Ол не өзге шығын деген? Мәдениет министрлігінің ғана қанағаты бар екен. 2 млдр теңгеден астам деп көрсеткен қосымша шығындарын.

Ал депутат Розақұл Халмұрадов, ЭКСПО ұлттық компаниясынан ұрланған қаржының орнын үкімет бюджет қаржысымен толтырмақ, деп санайды. Өйткені жаңа бюджетке ЭКСПО-ны өткізу үшін 2016 жылға 173 млрд теңге, 2017 жылға - 98, ал 2018 жылға 35 млрд теңге бөлінген. Бірақ Қаржы министрі ЭКСПО біткесін, бөлінген 35 млдр теңге ұйымдастыру жұмыстары мен құрылыс аяқталған соң да шығатын жұмыстарға керектігін айтты.

Розақұл Халмұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көрме 2017 жылы бітеді. Барлық көрменің құрылыстарын 2016 жылдың соңына дейін бітіру туралы тапсырма берді Президент. Неге 2018 жылға осы көрмеге 35 млрд қаржы қаралған? Себебі не? Ұлттық компаниядан ұрланған қаржылардың орнын толтыру үшін салдық па? Не үшін салдық? 

Сөйтіп, 2016-2017 жылдары мұнайдың бір баррелі 40 долар, ал 2018 жылы 60 доллар деген болжаммен Республикалық бюджет кірістері 2016 жылы 3 трлн 513,2 млрд теңгені, 2017 жылы 3 трлн 724,2 млрд теңгені және 2018 жылы 4 триллионнан асады деп күтіледі. Ал шығыстары 2016 жылы 7 трлн 318,9 млрд теңге, 2017 жылға 7 трлн 731,1 млрд теңгені және 2018 жылға 7  трлн 457 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ