«Жапонияда «Қауіпсіздік туралы» жаңа заң жобасына наразы 45 мың адам, бір мезетте
Токио көшелеріне шықты», - деп хабарлайды «Рейтерс». Олар әсіресе
әскерилерді шетелге жіберуге рұқсат берілгеніне қарсы. Наразы топ, мұндай
жағдайда Жапонияның 70 жылға созылған соғысқа қарсы ұстанымы аяқасты болатынын
айтады. Сондай-ақ, аталған заңға қатысты жүргізілген сауалнамалардың
қорытындысына сүйенсек, ел
азаматтарының тең жарымы даулы құжатқа қарсылығын білдірген.
Дегенмен, бастама
көтеруші премьер-министр Синдзо Абэ болса, бұл істі ақырына дейін жеткізбей
қоймайтынын байқатқан. Сарапшылар пікірі де осындай. Дегенмен қазір заң жобасы парламенттің төменгі палатасында. Олар құжатты мақұлдаса, даулы заңға нүкте
қоятын жоғары палата Абэнің сойылын соғатыны көпке аян.
Егер бұл заң қабылданса,
жапондық сарбаздар жат елде қан төгіп, соғысуға мәжбүр болады. Бұл адами
қасиетке қарама-қайшы.
Бірақ премьер-министрдің
өзгелердің өмірін қадірлейтініне сенбеймін. Оның азаматтарды қорғау ісіне
қатысты сөзі мен ісі сай келе бермейді.
Еркін КАРИН