$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Башар Асад: ДАИШ - АҚШ-тың қолдан жасаған ұйымы

AstanaTV
17.09.2015ж. 10:00
2598
Башар Асад: ДАИШ - АҚШ-тың қолдан жасаған ұйымы

ДАИШ - АҚШ-тың қолдан жасаған ұйымы, ал ел безген босқындардың тағдырына Еуропа жауапты. Ресейдің ақпарат құралдарына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад осылай деді. Бұдан бұрын АҚШ Ресей Сирияда әскери база тұрғызып, Дамаскіні қолдап отыр, деген ақпарат тартақан. Алайда мұны екі ел де жоққа шығарды. Ал The Guardian жариялаған соңғы мақала тіпті қызық. Белді басылым, бір кездері Мәскеу Сирия президентін тақтан тайдыру сценариін құрған, деп жазады. Толығырақ келесі бейнематериалда.

38 адам ажал құшты, 150-і жараланды. Оның ішінде ондаған бала-шаға бар. Өткен түнде Алеппода содырлар жарылыс жасады. Мұнда екі күннің бірінде болатын атыс-шабыс соңғы кезде тіпті жиілеп кетті. Мәскеу Сирияны қару-жарақпен қамтып отыр, деген ақпарат өткен аптада желдей ескен. Мұны екі ел де жоққа шығарды. Мәселен, Ресейдегі Сирия елшісі Рияд Хадад, бұл АҚШ-пен Батыс елдерінің жапқан жаласы, дейді. Бірақ  Сирия Ресейден шынымен әскери техника сатып алады. Алыс-беріс халықаралық талапқа сай рәсімделетіні айтылады. Десе де, Вашингтон Ресейді оқшаулау саясатынан бас тартқысы жоқ.

Джош Эрнест, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

Құрама Штаттар басқаратын құрамда 60 мемлекет бар лаңкестікке қарсы коалициямен Ресейдің санасқанын қалаймыз. Асадты қолдауға бағытталған әрекет тұрақсыздыққа соқтырады, деп есептейміз. Мұндай жағдайда Ресей халықаралық оқшаулаға ұшырауы мүмкін.

Күні бұрын британдық The Guardian газеті кезекті «сенсация» жариялады. Үш жыл бұрын Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бестігіне, Сириядағы жағдайды реттеу үшін, Башар Асадты кетіруді ұсынған, дейді. Дәйек ретінде Финляндияның экс-президенті Мартти Атисаридің сөзін келтіреді. Ол Вашингтон, Лондон және Париж бұл ұсынысты қолдамады. Өйткені бірнеше апта ішінде Асад онсыз да биліктен кетеді, деп топшылаған. Ресми Мәскеу мұны да жоққа шығарды. Асадттың өзі де бұған сенбейді. Тіпті осыған қатысты ресейлік ақпарат құралдарына кеңейтілген сұхбат берді.

Башар Асад, Сирия президенті:

Джебхат ан-Нусра мен Ислам мемлекеті Батыстың қолдауымен күш алып барады. Еуропа лаңкестерді қажет кезде алып шығатын «көзір» карта іспетті қолданып отыр. Екі радикалды топ та Батыстың саяси идеологиясын ұстанады.

Ол қандай идеология екенін Асад ашып айтты. Оның сөзінше, батыстағылар Ресей мен Сириядағы билікті ауыстыруды көксейді. Украинадағыдай өз адамдарын қойғысы келеді, дейді. Ресейлік журналистермен бір сағаттан аса сұхбаттасқан Сирия президенті Еуропаның «екіжүзділігі» ақыры өзіне соққы болғанын айтты.

Башар Асад, Сирия президенті:

Босқындарға қарап, бір көзімен жылап-сықтайды, екінші көзімен мылтық кезеніп тұрғандай. Ол адамдар лаңкестерден және өлімнен қорқып елден безіп жатыр емес пе?

Қазіргі уақытта ДАИШ содырлары Сирия аумағының тең жартысын басып алған. Инфрақұрылым соғып, сот жүйесін жасақтап, тіпті өз ақшаларын басып шығарып жатыр. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ