$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Алматыда жүз жылдық емен ағаштарын кесіп тастаған мейрамхана қожайындары жазаланбақ

AstanaTV
16.09.2015ж. 20:00
2701
Алматыда жүз жылдық емен ағаштарын кесіп тастаған мейрамхана қожайындары жазаланбақ

1 тал кессең, 10 тал ек! Алматыда емен ағаштарды отаған кәсіпкерлерге осындай талап қойылмақ. Бұдан былай әкімдік оларды қатаң бақылайтын болды. Әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде қызу талқыланған мәселені биліктегілер қолға алуға мәжбүр болды. Табиғат жанашырлары қаланың қақ ортасындағы емен ағаштарын мейрамхана иелері түбінен кесіп тастағанын бірнеше рет жазған болатын. Экологтардың көңілдері неге көншімей отыр? Ришат Асқарбекұлы біледі.

Наурызбай батыр мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы мына мейрамхананың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Алайда дәмхана әкімішілігі өз кәсібіне жайқалған жасыл желек кедергі келтіреді деп шешсе керек. Тиісті мекемелердің рұқсатынсыз-ақ көшенің көркін келтірген өсімдіктерді отап тастапты. Мұны алғаш болып ғаламтор қолданушылары байқап, әлеуметтік желілерде қызу талқыға салған. Тіпті көпшілік мейрамханаға бойкот жариялауды да ұсынып отыр.

Думан Қапасов, белсенді топ мүшесі:

Мына кесілген ағаштың түптерін көріп тұрып, жаның жылайды. Сондықтан осыған жол берген кәсіп иесіне қарсы бойкот жариялаймыз. Осы жерге келетін қонақтар мен қала тұрғындары бұл мейманханадан бас тартуды сұраймын. Бұл адам еңбегі мен табиғатқа жасалған қастандық.

Эколог Абай Ерекенов: «Алматыда өсімдіктердің заңсыз қырқылуы ешкімді таңдандырмайды», - дейді. Қаладағы экологиялық ахуалды қалыпты ұстау үшін, 28 млн шаршы метр жер жасыл желекпен көмкерілуі тиіс екен. Бірақ шаһарда шабылған ағаштың орнына көшет отырғызу мәдениеті қалыптаспағанын айтады.

Абай Ерекенов, эколог:

Бір түп кесілген ағаштың орнына кем дегенде 10 түп көшет отырғызу қажет. Алайда оны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Егер емен ағашын кессең, оның орнына одан да көп ағаш керек. Әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін қомақты айыппұл салуды біз мәслихатқа ұсынбақпыз. Ал кез-келген мекемені алдында өсіп тұрған ағаштарға деген әлеуметтік жауапкершілігін күшейту керек.

Десе де, әлеуметтік желілер мен баспасөздегі қарсылық шараларынан соң, жергілікті атқарушы билік қоршаған орта зиянкестеріне жаза қолдануға мәжбүр болды. Мейрамхана қожайындарын енді айыппұл төлеуге міндеттелмек. Оның құны небәрі 100 мың теңге көлемінде.

Алмат Әмірешов, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

Олар ағаштарды рұқсатсыз шауып тастаған. Оларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салынды. Енді олар қалада 10 есе көп ағаш отырғызуы керек. Олар оны 2 жыл күтуі керек және күзгі мезгілде отырғызуы шарт. Біз оны бақылайтын боламыз.

Егер аталған мейрамхана әкімшілігі мемлекеттік органдардың  бұл талабын орындамаған жағдайда, сот алдында жауап беруге мәжбүр болады. Ал экологиялық полиция жыл басынан бері рұқсатсыз ағаш кесу фактілері бойынша бұдан бөлек 3 деректі анықтап, айыппұл салған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бірақ экологтар, қалада сирек кездесетін ағаштардың себепсіз кесілгеніне жаза қатаң болуы тиіс, дейді. Азғантай айыппұл төлеумен енді мұндай іс жабылып қала бермек. Ал шамшат тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаш - еменді орнына келтіру мүмкін емес. Жүз жылға дейін шірімей, діңі қалыңдай беретін ағаштың орнына қазір мейрамхана әкімшілігі мынадай шыршалар отырғызып, «көз бояушылық» жасап қойыпты.

Қалалық табиғатты пайдалану басқармасынан аудан әкімдіктері биыл 3 мың түп ағашты кесуге рұқсат алған. Жапырақты өсімдіктер, қалың қар түскенде немесе дүлей дауыл тұрғанда, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ