$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Шымкентте оқу-жаттығу өтті

AstanaTV
16.09.2015ж. 20:00
1255
Шымкентте оқу-жаттығу өтті

Шымкентте көпқабатты үйде газ жарылды. Төтенше жағдай Нұрсәт шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйде болған. Осындай сценариймен бүгін оқу-жаттығу өтті.

Алтыншы қабаттағы пәтерде болған оқыс оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Ал құтқарушылар жасағы жоғарғы қабатта қалып қойған тұрғындарды төменге түсіруге кіріскен. Газ жарылысынан тұрғын үйдің қабырғасының астында қалған адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Бұл үшін осында арнайы шатырлар тігілген. Жалпы бұл оқу-жаттығу шараларына төтенше жағдайлар қызметінен бөлек, ішкі істер, медицина саласы сынды, бас-аяғы 16 саладан 150 адам жұмылдырылған.

Ұйымдастырушылар оқу-жаттығу өткізуге Нұрсәт шағын ауданын бекер таңдап алмағандарын айтады. Өйткені күн санап тұрғын саны өсіп келе жатқан қаладағы он - он екі қабатты үйлердің дені осы ауданда бой көтеруде.

Батырғали Сопбеков, ОҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Көп ғимараттарда әлі табиғи газ қосылмаған. Сондықтан тұрғындар рұқсатсыз газ баллондарын пайдаланады. Олардың газ кеткен кезде, басқа жағдай болғанда, жасайтын іс-әрекеттері  нәтижесінде өзі емес, сонымен қатар көршілес отырған пәтерлерге де үлкен зардаптары тиіп жатады. Сондықтан да біз осы Нұрсәт мөлтек ауданын таңдап отырмыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ