9 жыл күткен қаражат. Бұрынғы «Валют-Транзит Банк» салымшыларына
ақшалары қайтарыла бастайды. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» мен «Ұлттық банктен» ол үшін 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Андрей Беляевтің қаржы империясының құлауынан соң, «Валют-Транзит Банктің»
5 мыңға жуық салымшысы депозиттерінен айырылған еді. Бүгінде олардың 2700-і төлемдерін алуға өтініш
білдірген. Мұндай мүмкіндікке салымшылар, «Банкротқа
ұшыраған банктердегі депозиттерді төлеу туралы» заң күшіне енген соң ғана, қол
жеткізіп отыр. Төлем «ЦентрКредит Банкі» арқылы жүргізіледі. Ол 5 миллион теңгеден аспайтын пайызсыз салымдарды толық қайтарып
бермек. Банк салымшыларды жыл соңына дейін өз ақшаларын толық алып кетуге
шақырады.
Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге
кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:
ВТБ
салымшыларына төлемдердің жүргізіліп жатқанын естеріне саламыз. Жеке бастарын
куәландыратын құжаттарды алып, өздері орналасқан мекен-жай бойынша «Центр
Кредит» банкінің кез-келген бөлімшесіне
хабарласып, тиесілі төлемдерді алуға болады.
Айта
кетейік, 2006 жылы «Валют-Транзит Банк» құрдымға кетіп, мыңдаған қазақстандық бар жиған-тергенінен айырылған болатын.
Олардың аз ғана бөлігі салымдарының мемлекет кепілдендірген 700 мың теңгесін
ғана қайтарып алған. Қалған 4 млрд теңгенің тағдыры белгісіз болған еді.
Мүгедектер мен кеншілер, зейнеткерлер қаражаттарын даулап,
талай наразылық шараларын өткізді. Бұл мәселе 9 жылға созылды. Адамдар жылдар
бойы банк мүлкінің сатылуын күтуге мәжбүр болды. Ал ол әлі де өте баяу сатылып
жатыр.
Айжан ҚУАШ