$519.51 €611.83 ₽6.6
×

ШҚО тұрғындары жылу есептегіш құрылғы орнатуға асығар емес

AstanaTV
17.09.2015ж. 20:00
1786
ШҚО тұрғындары жылу есептегіш құрылғы орнатуға асығар емес

Қыстың қамын жаз ойла. Күз түсісімен Шығыс Қазақстан облысы жылу мәсілесін қолға алды. Қыс бойы жылуға жарымай шығатын Семейге биыл бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Оған көмір сатып алынбақ. Бұл жайында біздің арнаға сұхбат берген облыстық энергетика мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев айтты. Мамандар аймақта көпқабатты баспаналарда жылу есептегіш құралдарын орнату бағдарламасы баяу жүзеге асып жатқанына алаңдаулы.

Биыл Шығыс Қазақстан облысы былтырғы маусымдағы қателіктерді жібермеуе бекініп отыр. Өскемендегі екі жылу орталығы көмірмен бір айға қамданып қойған. Семейліктер де қазір қысқа дайындыққа білек сыбана кіріскен. Облыс бюджетінен отынға 1 млрд 200 млн теңге қарастырылған. Күн сайын шаһарға 4 мың тонна көмір тасымалданады. Алайда, тұрғын үйлердің жағдайлары көңіл көншітпейді. Бүгінде Семейдегі үйлердің 68 пайызында ғана маусымға әзірлік құжаттары бар.

Айтқазы Шерубаев, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Кейбір үйлердің жылу жүйелері әбден тозған. Құбырлар жуып шайылса да, тұрғындар пәтердегі тот басқан негізгі құбырларын ауыстырмаған. Сондықтан бұл үйлерде қосымша мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ бұл проблемаларды олар өздері шешуі тиіс.

Қала тұрғындары баспаналарына жылу есептегіш құралын да орнату керек. Энергетиктердің айтуынша, бұл жоба өте тиімді. Аталған құрылғыны орнатқандар әрбір шаршы метр үшін 97 теңгенің орнына 72 теңге төлейді. Тариф құны айтарлықтай сезілсе де, есептегішті орнатқандар аз.

Айтқазы Шерубаев, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бұқараның жылу есептегіш құрылғыларын алуға асығар емес. Егер де мұндай құрылғы әрбір үйде тұрса, онда тұрғындар тек өздері пайдаланған жылуға ғана ақша төлейді. Ал көшелердегі құбырлардың суып кетуімен жылу орталықтары өздері айналысар еді.

Есептегіш құралдарын орнату ерікті түрде жүргізілсе де, оны міндетті түрде қою керек. Қазір жылуға жауаптылар жұртты жаңа бағдарламаға қатысуға шақырып жүр. Алайда, әлеумет есептегіштің құнын барлығына бөлген кезде, оны қалтаның көтермейтіндігіне көз жеткізген.

Оксана Шаповалова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Алып санаған кезде әрбір пәтерден 40 мыңнан шықты. Бірақ бұл қаражатты көбі бере алмайды. Ал кішкентай тұрғын үйлердің жұрты қиналатын болады. Жақында бір таныс әйел жесір қалды. Екі баласы бар. Үйлерінде 30-ақ пәтер. Әрбіреуіне 200 мыңнан төлеу керек.

Юлия Гец, Өскемен қаласының тұрғыны:

Зейнеткерлер бұндай ақшаны төлей алмайды. Олардың зейнетақысы 50 мыңға да жетпейді.

Шенеуніктердің айтуынша, үкімет, жылу есептегіш құралдарын міндетті түрде орнату керек, деп шешкен. 2016 жылдан бастап оның құны тарифке кіргізіледі. Ал әзірге құрылғыны несиелендіру бағдарламасы арқылы орнатуға болады. Бұл арқылы тұрғындар есептегіштің ақшасын бірнеше жыл бөліп өтей алады. Бірақ осы уақытқа дейін Өскемен мен Семейдегі үйлердің бір де біреуі бұл бағдарламаға әлі қатысып көрген жоқ.

Абзал ҚҰРМАНКИН