Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ертіс өзені бойымен салынып жатқан көпір құрылысына сүрілмеген саяжайлар кедергі келтіруде

AstanaTV
18.09.2015ж. 10:00
2564
Ертіс өзені бойымен салынып жатқан көпір құрылысына сүрілмеген саяжайлар кедергі келтіруде

Керекуде Ертіс өзені бойымен салынып жатқан көпір құрылысы белгісіз уақытқа тоқтап қалды. Ауқымды шаруаға осы жазда сүрілуі тиіс 157 саяжай учаскесі кедергі келтіруде. Анықталғандай, бүгінде белгіленген аумақты тазартуға бағытталған қаражат әлі республикадан аударылмаған. Бұл жағдай саяжай учаскесін мемлекетке қайтаруға келісімін берген қарапайым бұқараны әлекке салды. Тұрғындар созылып кеткен мәселенің кесірінен биылғы жиым-терімнен қағылдық деп дабыл қағуда. Тақырыпты әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы тарқатып айтып береді. 

Бір кездері бау-бақшасы жайқалып өсіп тұрған бұл аумақта 300-ге жуық саяжай учаскесі бар. Бүгінде оның тең жартысы сүрілуі тиіс. Тұрғындар үйлерін құлатып, жеміс-жидекті қараусыз қалдырған. Алайда, бағбандардың сөзінше, соңғы уақытта бұл кешен кәдімгі ұрылар мен бұзақылардың ордасына айналған.

Любовь Гначенко «Яблонька» саяжайынан 2004 жылы жер учаскесін сатып алған. Қалада баспанасы болмағандықтан, зейнеткер бірден бұл жерді тұрақты мекеніне айналдырғанын айтады. Шағын үйін кеңейтіп, тауық, сиыр да ұстаған. Бірақ екі жыл бұрын «аумақ мемлекеттің иелігіне қайтарылады дегенді» естігенде, бар шаруашылығын сатуға тура келді. Тіпті жыл сайын салатын картоп пен көкөніс мөлшерін де қысқартқан.

В этом году я на этом участке посадила картошки только. Здесь помидоры. Раз сказали не надо, значит нельзя. 

Дәл осындай жағдайға тағы 150-ге жуық саяжай қожайыны тап болды. Ақпан айында тәуелсіз бағалаушылар учаскелерді зерттеп, өтемақы көлемін белгілеген. Жер телімі алынатынын естіген қауым үйлерін бұзып, маңайды тазартуға кіріскен. Бүгінде аумақ қаңырап, бос жатыр. Бір айдың ішінде тиісті қаржыны аламыз деп сенген тұрғындардың жоспарлары да ауқымды еді.  

Любовь Гначенко, зейнеткер:

Көп нәрсені жоспарлап едік. Мен үшін 2 жарым млн теңге - үлкен ақша. Тіпті сатып алатын саяжайды да белгілеп қойдым. Кішігірім үй саламын ба деген де ой болды. Ал енді білмеймін. Қазіргі бағамен саяжай түгіл, жер телімін де сатып ала алмайтын сияқтымын. 

Ертіс өзені бойымен өтетін бұл көпірдің құрылысы 2013 жылы басталды. Республикалық жоба аясындағы нысан Павлодар мен Ақсу қаласын байланыстырмақ. Жобалау кезінде 157 саяжайды сүру туралы шешім қабылданған. Бүгінде 127 қожайын келісімін беріп, отыз саяжайдың құжаты ретке келтіріліп жатыр.

Ботагөз Қайырбаева, Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі басшысы міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта біз өзімізге тиесілі бар жұмысты жасадық. Облыстық жер қатынастары басқармасы арқылы Астанаға, министрлікке бар құжатты жібердік. Яғни бюджеттік сұраным жасалды. Бірақ, өкінішке орай, қаржыландыру әлі жоқ. Күтіп отырмыз.

«ҚазАвтожол» кәсіпорны құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуларынша, көпірдің Кенжекөл ауылы мен Павлодар-Семей тас жолына дейінгі бөлігі әзірге тоқтап тұр. Бірақ қаржы бөлінген жағдайда, шаруа қайта жанданбақ.

Амантай Қасымханов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиялы директорының орынбасары:

Саяжайларды сатып алу жөніндегі мәселе биыл жазда басталған жаңа жобаға кіреді. Ол - Астана-Павлодар-Семей бағытында Ладожская көшесінен басталған 13 км құрылыс жобасы. Оған қазіргі таңда саяжайларды сатып алу мәселесі кедергі жасап тұрған жоқ. 

Анықталғандай, шенеуніктер мен құрылыс компаниясы республикалық бюджеттік комиссияның отырысын күтуде. Айтуларынша, мәселе қазан-қараша айларында шешілуі тиіс. Егер қаржы бөлінсе, сайжай иелері тиісті өтемақыны жаңа жылға дейін алатын болады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ