$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үкімет басшысының Ақтөбеге жұмыс сапары

AstanaTV
15.06.2016ж. 20:00
1986
Үкімет басшысының Ақтөбеге жұмыс сапары

Ақтөбеде салафиттердің саны мың жарым адамнан асып жығылады. Бұл туралы аймаққа жұмыс сапармен барған Кәрім Мәсімовке Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы Нұрлан Қадырбаев баяндады. Қазір 5 маусымдағы «лаңкестер шабуылынан» жарақат алғандардың төртеуі ауруханада. Премьер-министр науқастардың халін біліп, медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді. Мансұр Есқожин баяндайды.

Мына ақ халаттылар лаңкестердің шабуылынан зардап шеккендерді ажалдан арашалады. Демалыс күні шұғыл жұмысқа шығып, науқастарды қабылдады. Бүгін олар Үкімет басшысының қолынан алғыс хат пен естелік сыйлық алды.

Ренат Бекмеев, жедел жәрдем дәрігері:

Біз әскери бөлімге жеткенде, онда атыс болып жатты. Бірінші болып оқтың астынан жас солдатты алып шықтық. Ол қаза болған Досбол Сапар екенін артынан білдік. Ешқандай қорқыныш болмады. Жұмысымызды атқаруға бекіндік.

Кәрім Мәсімов лаңкестік шабуыл кезінде жарақаттанған науқастардың да көңілін сұрап шықты. Маусымның 5-і мен 13-і аралығында жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылған 18 жаралының бүгін төртеуі емін жалғастырып жатыр. Әскери бөлімдегі қақтығыста жарақат алған бір сарбаз санавиациямен Астанаға жеткізілсе, тағы бір азамат облыстық аурухана керуетіне таңылған.

Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Науқастардың жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең бірқалыпты өтуде. Жағдайлары қазіргі кезде қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты. Алдағы уақытта бұл науқастарды да амбулаторлық емге шығарылу мәселесі шешілетін болады.

Премьер-министр лаңкестер лаң салған әскери бөлімде болды. Қаза тапқан әскерилердің құрметіне гүл шоқтарын қойды. Үкімет басшысына есеп берген жергілікті күштік құрылым өкілдері бірқатар кемшіліктердің болғандығын жоққа шығармайды. Ақтөбенің бас полицейі көшедегі бейнебақылау камераларының аздығы, ішкі істер департаментінде автобустардың болмауы қылмыскерлермен күресте қиындықтар туғызғанын айтты.

Махсудхан Аблазимов, Ақтөбе облыстық ІІД бастығы:

Жеке құрамның қарулы қылмыскерлерге қала көшелерінде тойтарыс беріп, атыс жүргізу тәжірибесі жоқ. Әрине, арнайы жасақтардан өзгелері. Бұл мәселені біз Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына жеткіздік.

Ақтөбеде салафиттердің саны мың жарым адамнан асып жығылады. Олардың жүзге жуығы «джихадшы». Бұл туралы Кәрім Мәсімовке Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы Нұрлан Қадырбаев баяндады. Олармен жұмыс жүргізу оңайға соқпайтынын да тілге тиек етті. Себебі білікті теологтар мен беделді имамдар жеткіліксіз. Былтырдан бері тек 32 салафиттің көзқарасын оң ағымға өзгерту мүмкін болған.

Мансұр Есқожин, тілші:

Үкімет басшысының күштік құрылымдары өкілдерімен өткен жиыны одан әрі жабық есіктің ар жағында болды. Белгілі болғаны тек 2015-ші жылы тәртіп сақшылары аймақта 14 радикалды топтың іс-әрекетін тоқтатқан. Лаңкестік әрекет ұйымдастырмақ болған 36 азамат темір тордың ар жағына тоғытылыпты.

Мансұр ЕСҚОЖИН