$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ақтау теңіз портында транзиттік жүк иелерінің емін-еркін жүріп-тұруына шектеу қойылды

AstanaTV
15.06.2016ж. 20:00
2010
Ақтау теңіз портында транзиттік жүк иелерінің емін-еркін жүріп-тұруына шектеу қойылды

Ақтау портында тәртіп қатаңдатылды. Шетелден жеткен жүргізушілерге, құжаттары рәсімделмейінше, порт аумағынан шығуға тыйым салынды. Ал алыстан ат арытып келген Әзірбайжан, Түркия және Иран жүргізушілері бұл адам құқын шектеу деп шағымданды. Құжаттарында Қазақстан шекарасын кескенін растайтын мөр бар, бірақ жерін басып, қыдыруға рұқсат жоқ.  Мұның себебін тілшілеріміз анықтады.

Ақтау теңіз портының жанында шетелдік жүргізушілер дәм татар деген оймен жақында дәмхана салынғанымен, оған апарар жол жүргізушілер үшін шектелді. Теңіз арқылы Ақтау портына келген қонақтардың жүктері тексерілгенше, 3-4 сағатта қонақтарға порт аймағынан шығуға болмайды. Бірақ бұл тәртіпке Грузиядан алыс жолға шыққан Гурули Амиранның көнгісі жоқ. 

Гурули Амиран, Грузия азаматы:

Сыртқа шығып, керек-жарақты алып қайтып келуге болар еді ғой? Неліктен ұстап отырсыздар, бұл адам құқықтарын шектеу. Сонда мен аш отыруым керек пе? Бірнеше сағаттан кейін болса да, шығасыздар ғой порттан дейді. Ал менің жүгім ертең бірақ рәсімделіп болады.

Ал теңіз портында дүкен, жатын орын мен жуынып-шайынуға жай жоқ. Мейман жүргізушілерді бұндай жағдайда оқшаулауға бірнеше себеп бар. Біріншісі - заңсыз жүк табылып, оның кімдікі екенін анықтағанша, жүргізуші ізін суытып үлгеруі мүмкін. Контрабандасын тастап, жүргізушінің елден қашып үлгерген жағдайлары порт мамандарының әлі есінде. Ал жейтін тамағымыз жоқ деген уәж құр сылтау болуы мүмкін.

Наталья Ярошенко, паром кешенінің басшысы:

Кез-келген жүк көлігін ашып көрейікші. Одан жұмыртқа да, нан да, шайын қайнататын газдары да табылады. Бәрі бар.

Ал шектеудің негізгі себептерін шекаралық қызмет мамандары түсіндірді. Елде жаппай терроризм қаупінің сары деңгейі енгізілгендіктен, портта қауіпсіздік шаралары күшейтіліпті.

Рафаэль Ахметов, шекаралық бақылау бөлімінің басшысы:

Теңіз порты стратегиялық нысан болғандықтан, жүргізушілер мен олардың жүктері мемлекеттік тесерулерден толық өтпейінше, порт аумағынан тексеріссіз шығару тоқтатылды.

Шекарашылар қатаң тәртіпке қарамастан, кей жүргізушілердің жағдайына түсіністікпен қарап, шығуға рұқсат беретіндерін айтады. Бірақ порт аумағында енді бұрынғыдай емін-еркін жүріп-тұру біржола тыйылды.