$539.54 €637.09 ₽6.52
×

«Астана» телеарнасы өз көрермедеріне тағы бір отандық телехикая ұсынады

AstanaTV
18.09.2015ж. 20:00
«Астана» телеарнасы өз көрермедеріне тағы бір отандық телехикая ұсынады

«Астана» телеарнасы тағы бір отандық телехикая түсіріп жатыр. «Жібек» деп аталатын 20 бөлімнен тұратын туындының түсірілімі бітуге таяу. Сериал қазіргі қоғамдағы апалы-сіңілі бойжеткендер арасындағы қайшылықтарды көрсете отырып, ондай жағдайларды болдырмауға шақырады. Көп сериялы телехикая көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұған түсірілім алаңына барып қайтқан әріптесім Самат Қанағатов та көз жеткізді.

Телехикаяның бас кейіпкері - Жібек есімді бойжеткен. Ауылдан қалаға оқуға келген ол нағашы ағасының үйіне тоқтайды. Оның өміріндегі ең қиын күндер осы сәтте басталады. Өйткені жеңгесі Жұлдыз бен үлкен қызы Мәдина Жібекті әбден қыспаққа алады. Бұл шаңырақтағы қиындықтарға төзіп, қала өміріне енді бейімделе бастағанда, әке-шешесі кенеттен қаза табады. Сөйтіп, оның өмірі қып-қызыл тозаққа айналады. «Жібек» образы 18 жастағы актриса Айым Сейітметовға сеніп тапсырылды. 

Айым Сейітметова, актриса:

Осы басты рольді сомдағаныма өте қуаныштымын. Мен үшін үлкен ғанибет. Енді көрерміз, қалай болатынын. Бірақ өте қызықтырады сол жаңағы сериал. Білмеймін, қалай шығатынын. Бірақ басы жақсы.

Қалай шығатынын режиссерлер жақсы біледі. Айтуларынша, мұндай мазмұндағы отандық телехикая болмаған. «Жібектің» әр сериясының сценарийін алған сайын, өздері де қызығып жатса керек. Әсіресе бас кейіпкердің ата-анасы тап болатын көлік апатын түсірген кездегі оқиға әлі естен кетпей жатыр, - дейді.

Нұрғиса Әлмұрат, режиссер:

Жібектің ролін сомдайтын Айым, соның ата-анасы қайтыс болады. Ата-анасы қайтыс болу кезіндегі апатты түсірдік. Сол жерде біраз жұмыс істеуге тура келді. Көрермендерге қалай түсірілді, қалай болды деп, айтпай-ақ қояйын. Соны көрсеңіздер, мүмкін, қызығарлықтай болатын шығар, себебі қолымыздан келгенін істеп бақтық. 

Қолдан келгенді актерлер де істеп бағуда. Негізі телехикаяда драма мен шытырман оқиғалар ұштасып отырады. Әсіресе Мирас есімді мына жігіт пайда болғанда, нағыз шытырман оқиға басталады.

Әбілмансұр Серіков, актер:

Мен мелодрамаға бұған дейін түспегенмін. Мелодрамадағы алғашқы ролім. Және де осы жігіттің өмірі, өмір сүру бағыты, өмірге деген көзқарасы қызықтырды.

Бастысы - сериалда бүгінгі қоғамдағы жағдайлар айна-қатесіз көрсетіледі. Сол арқылы бауырлардың бауырмал болуы мен апа-сіңілінің тату болуын насихаттайды. Жаңа туынды «Астана» телеарнасында қараша айында эфирге шығады деп күтілуде.

Самат ҚАНАҒАТОВ