Жұма
күні Ақтауда болған төтенше жағдайдан қыршын кеткен Атырау облысының тумалары
Асылжан Махамбетов пен Бақытжан Қалыбайды бүгін туғандары жер қойнына
тапсырады.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 18-і күні Каспий теңізінде қайғылы жағдай орын алды. Әскери оқу-жаттығу кезінде алты БТР жағадан 150 метр қашықтықта жүзіп, қатты теңіз дауылына тап болған еді. Техникалар желдің әсерінен болған толқыннан шыға алмай, 4-уі суға батып кеткен болатын. Әскери техниканың ішінде болған 4 жауынгер ажал құшқан еді. Ел тыныштығын күзеткен жас сарбаздар бір айдан соң үйлеріне қайтуы тиіс болған. Олар, жоғарыда атап өткен екі жауынгерден бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысынан шақыртылған 19 жастағы Бауыржан Жолдыбай мен Алматы облысынан шақыртылған 23 жастағы Замир Әділов. Барлығының денесі табылып, жағаға шығарылды.
Оқиға орнына сол күні Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов келіп, мән-жаймен танысты. Қорғаныс министрі қызметіне немқұрайлы қараған аймақаралық "Батыс" қолбасшылығының полковнигі Мұрат Нұғманов, оның бірінші орынбасары Ризат Қолпашевты, әскери дайындық жөніндегі полковник көмекшісі Мерген Қапашев және теңіз жаяу әскері бригадасының командирі Ерболат Толықбаевты қызметтерінен босатты.
Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Қорғаныс министрі:
Әскери прокуратурамен қылмыстық іс қозғалды. Қаза болған жауынгерлердің өміріне жауапты, қызметіне немқұрайлы қараған басшылар тиісті жазаларын алатын болады. Осыған қарамастан, күтпеген тексерулер мен кең ауқымды оқу-жаттығу жиындары әрі қарай жалғасатын болады. Себебі әрдайым шекараны күзету, ұрысқа дайын тұру - бұл біздің ең басты міндетіміз. Бірақ әрбір оқу-жаттығуда осындай оқыс жағдайлар орын алмас үшін, бүге-шүгесіне дейін тексерістен өтуі тиіс.