Маңғыстау облысында болған алапат өрттің шығу себептерін анықтау қолға алынды.
Өткен аптаның соңында Жаңаөзен маңында мұнай қалдықтарының ескі қоймасы өртеніп
кеткен еді. Оттың тез арада жайылғаны сонша, өрт сөндірушілер оны тек 1,5
тәуліктен соң ғана ауыздықтай алды. Нысанның жалпы аумағы 200 гектарды құрайды. Алдымен қызыл жалын мың шаршы метрді шарпыды деген ақпарат тарады. Ал келесі
күні оның он мың шаршы метрді жаулағаны белгілі болды.
Өрт сөндірушілер тілсіз
жаумен күресудің созылғанын оның күрделілігімен түсіндіреді. Айтуларынша, от
нысанның ортасынан, сораң жерден шыққан. Төтенше жағдайға 35 бірлік техника мен
144 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Ал Ақтаудан қосымша 1 тонна көбік пен 164 су
шашатын құбыр жіберіліпті. Өрт қыркүйектің жиырмасы күні таң сәреде ғана
толықтай өшірілді. Абырой болғанда, жапа шеккендер болған жоқ.
Сүйіндік
Алдашев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Қойманың
қасында орналасқан Жаңаөзен қаласында экологиялық жағдай қалыпты. Сондай-ақ,
өндірістік нысандар мен магистральді құбырларға зақым тимеген. Өрттің алдын ала
себебі де әзірге белгісіз. Адамның қолынан жасалған ба, әлде басқа бір нәрседен
бе? Қазір ештеңе айта алмаймыз.
Жергілікті
биліктің хабарлауынша, апатты жою кезінде мамандар Жаңаөзен қаласының ауасын әр
3 сағат сайын тексеріп отырды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, атмосфераның
құрамында зиянды химиялық заттардың көлемі қалыпты мөлшерден аспаған.
Абзал
ҚҰРМАНКИН