$543.24 €619.89 ₽6.78
×

«Travelsystem» басшысы елге оралды

AstanaTV
21.09.2015ж. 20:00
«Travelsystem» басшысы елге оралды

Туристерді тентіретіп, олардың қаражатын жымқырып шетел асқан «Travelsystem» басшысы Роман Хан расында да елге оралған.  Бұл ақпарды Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева арнамызға берген сұхбатында растады. Ол: «Туристтік компания басшысы Чехиядан ұшып келіп, өз еркімен полицияға берілген. Кепілдікке мүлкін қойып, қазір бостандықта жүр», - деді. Алматылық тілшіміз Айгүл Ермахан  толықтырады.

«Travelsystem» компаниясының директоры Роман Ханға қатысты, Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалған болатын. Бұл бап  жеті жылға дейін соттап, мүлкін тәркілеуді қарастырады. Алайда, бұл жәйтке қатысты «қазір қандай да бір болжам айтуға ерте», - дейді құзырлы орын өкілдері.

Алмас Садубаев,  ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Қазіргі уақытта ІІМ тергеу департаменті тергеуді жан-жақты жүргізуде. Серіктестіктің қаржы жұмыстарына аудиторлық тексерулер тағайындалды. Тексеру нәтижелерін алғаннан кейін сот-экономикалық сараптама жүргізіледі. «Travelsystem» басшысы қыркүйек айының 15-де күдікті деп табылды, одан жауап алынды. Қазір кепілмен босату түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева, «турфирма жетекшісінің өз еркімен келуі, оның  қателігін түсінгенін аңғартады», деген болжамды да жоққа шығармайды. «Қалай болғанда да, қаржылай зиян шеккен азаматтардың ақшасы қайтарылуы тиіс», - деп санайды ол.

Әсел Нүркебаева, Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті:

БАҚ өкілдерінде Роман Хан елге оралды деген ақпар тараған соң, барлық турфирмалар өтініш жазуда. Біз тергеу амалдары сәтті жүргізіліп,  әділдік жеңетініне сенгіміз келеді. Өз істеген ісіне жауап беріп, зардап шеккендерге қаражатын қайтарып берсе екен, дейміз.

Денис Кривошеев, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының ресми өкілі:

Менің түсінгенім, тіпті «Скат» авиакомпаниясының өзі барлығын азаматтық талапқа  ауыстырып, қылмыстық қудалаудан бас тартты. Ал азаматтық талап-арыз болғанда, ешқандай бостандыққа шектеу болмайды. Көпшілігі құжаттарын құртып жіберді, көбі арыз беруге қорқады, өйткені қара жұмыс істейді. Сондықтан Роман Хан болатын нәрсенің бәрінің ара жігін егжей-тегжейлі екшеп,  сәтті пайдаланып келіп отыр. 

Еске сала кетейік, маусым айында «Travelsystem» туроператоры өзінің банкротқа ұшырағанын ресми түрде жариялады. Қонақ үй ақысы мен кері қайтатын билет бағасы төленбегендіктен, Түркия мен Араб Әмірліктеріне, өзге де бірнеше мемлекетке демалуға барған мыңдаған саяхатшы  тентіреп қалды. Оларды қонақ үйлерден шығарып тастағаны да есте. Теңіз жағалауына демаламын деп аузы күйген туристердің бірі - Амина Ашуева болатын. Абырой болғанда, қалтасында  қосымша қаражаты болып, елге қайтқан еді.

Амина Ашуева, саяхатшы \маусым 2015 ж.түсірілім\:

Ол жақта қаншама адам паналайтын жер таппай қаңғырып жүр. Арасында балалар бар. Бізде жолдаманы «Travelsystem» компаниясынан алғанбыз. Демалыс уақытымыздың аяқталарына екі күн қалғанда, қонақ үйден шығарып тастады. Өз қалтамыздан қаражат қарастырып, бір күн түнеп шықтық.

Ресми дерек бойынша, бүгінде Ішкі істер органдарына «Travelsystemге» қатысты 18 туристік компаниядан  шағым түскен. Онда келтірілген шығын көлемі - 28 млн теңге, деп көрсетілді. Алайда Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының мәліметінше, Түркия, Араб Әмірліктері, Чехия, Мальдива елдерін қоса алғанда, далада қалған 4,5 мың саяхатшыға келтірілген шығын көлемі бүгінде 5 млн долларды құрап отыр.

Айгүл ЕРМАХАН