$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Каспий теңізінде болған «Орталық -2015» оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан қос жауынгердің денесі жер қойнына тапсырылды

AstanaTV
21.09.2015ж. 20:00
1439
Каспий теңізінде болған «Орталық -2015» оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан қос жауынгердің денесі жер қойнына тапсырылды

Каспий теңізінде болған «Орталық -2015» оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына бір реттік өтемақы төленеді. Мұнан бөлек әр жауынгердің етжақындарына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама таратты.

Ал бүгін атыраулықтар қос жауынгердің денесін жер қойнына тапсырды. Олар 25/744-ші теңіз әскери бөлімінің сарбаздары - Асылжан  Махамбетов пен Бақытжан Қалыбай. 19 жастағы қос өрімдей жас әскерге өз еріктерімен аттанған. Отан алдындағы борышын өтеп, отбасына оралуына 1 айдан аз уақыт қалғанда, апатқа ұшырады. 

Асыл ұлы Асылжанынан айырылғанына ана көңілі әлі сенер емес. Туған ауылына оралуға бір айға жетпейтін уақыт қалған Асылжанмен 10 күн бұрын тілдесіпті. Ол оқу-жаттығуда болатынын айтып, мазаламауын сұраған. Енді міне ұлының жансыз денесімен қауышқан ана зар илеп қалды. Жас жауынгермен қоштасуға қарақұрым халық жиналды. Марқұмның туыстарының әскери бөлім басшыларына өкпесі қара қазандай.

Таңат Сейітмағамбетов, марқұмның туысы:

Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, дейді Абай атамыз. Сол кезек сақталу керек, менің ойымша. Жауынгер басшыларға тілейтінім - өздеріңіздің білімдеріңді, тәжірибелеріңізді жетілдіріңіздер. Қате жібермеңдер. Сіздердің әрбір  қате жібергендерің  адамның өміріне байланысты боп тұр.

Отбасындағы төрт баланың ортаншысы әскерге өзі сұранып кетіпті. Оралған соң ішкі істер органдарында қызмет етуді армандаған. Асылжан оқу-жаттығу кезінде қасындағы жауынгер достарын құтқарып көз жұмған. Қайғыдан қан жұтқан әке ұлының Отан алдындағы борышын ерлікпен өтегенін көңілге медет етеді.

Махамбет Сисенов, әкесі:

Үкімет өзі жазасын анықтайды, береді кезінде, мен біреуді қудалап, біреуді жазғырудан аманмын. Ешкімнің артынан түсініп, ондайға бармаймын. Қалған балаларымның амандығын берсін. Маған балам тыныш жату керек.

19 жастағы Бақытжан Қалыбай да алдағы қазан айында отбасына оралу керек еді. Мұнай және газ технология колледжінде дәнекерлеуші мамандығын алған жас жігіт ертерек еңбекке араласуды ойлаған.

Арманы орындалмаған қос боздақты соңғы сапарға аттандыруға Құрлық әскері басшылары да келіп, қайғыра көңіл айтты. Олар қабырғасы қайысқан ағайынға оқиғаның барысы жан-жақты тексеріледі деп, уәде берді.

Жұмабек Қасенов, ҚР Қарулы Күштері құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары:

Бұл - әскери жаттығуда кенеттен болған жағдай. Қазір бұл қайғылы оқиға, арнайы орган қызметкерлерімен қылмыстық іс ашылып, әрі қарай барлығы тексеріліп жатыр. Арғы жағында кімнің кінәлі болатынын кеңірек түсіндіріп айтамыз.

Айта кетейік, қайғылы оқиға өткен жұмада Ақтау қаласындағы «Орталық -2015» оқу-жаттығуы кезінде орын алды. Сарбаздар мінген  төрт БТР әскери техникасы суға батып кетіп, 4 сарбаз қайтыс болды. Ақтауға жедел жеткен Қорғаныс министрі оқу-жаттығуға жауапты «Батыс» аймақтық қолбасшылығының бірнеше командирін отставкаға жіберді. Бұл оқиғаға қатысты әскери прокуратурамен қылмыстық іс қозғалған. 


Базаргүл НӘДРҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық