$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы мен ОҚО-да бір біріне ұқсас ірі жол апаттары орын алды

AstanaTV
21.09.2015ж. 20:00
1924
Алматы мен ОҚО-да бір біріне ұқсас ірі жол апаттары орын алды

Бүгін Алматыда ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қарасай батыр мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында үлкен жылдамдықпен келе жатқан трамвай жол бойындағы көліктерді жапырып өткен. Салдарынан 5 адам зардап шекті, 14 көлікке зақым келген.

Ал кеше Оңтүстік Қазақстан облысында да осыған ұқсас жағдай орын алды. Ауыр жүк көлігінің тежегіші істен шығып, жол бойында жайылып жүрген ірі қара малды қаққан. Артынша 7 автокөлікті жаншып өткен. Апат салдарынан құндақтаулы нәресте көз жұмды. 

Трамвай барлық машиналарды лепешка қылып жиып келе жатыр. Бәрін атып жіберді ғой, Обочинада бір қыз тұрған қой. Ананы ұшырып жіберді ғой. Бір метрге ұшып кетті мына жерге. 

Куәгерлердің айтуынша, трамвайдың ішінде жүргізуші болмаған. Көлікті басқарушы Шевченко көшесі бойында тоқтап, сыртқа шығады. Сол сәтте трамвай жүріп кеткен сыңайлы. Бірден жылдамдығын үдеткен  көлік, алдындағы кедергінің барлығын жайпап өткен. Оқыс жағдайдың орын алуына не себеп болғанын,  ешкім дөп басып айта алар емес.

Салтанат Әзірбек,  Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның ішінде автотехникалық сараптама. Осы сараптама нәтижесінде болған оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдары айқын анықталатын болады.

Көліктердің басым бөлігі жол бойында қаңтарылып бос тұрған көрінеді. Адамдар дін аман. 5 зардап шегушінің біреуі - трамвай жүргізушісі. Осыған ұқсас жағдай кеше Оңтүстік Қазақстан облысында да болды. Қазығұрт ауданына қарасты Рабат ауылы тұсында жүк көлігі апатқа ұшырады. Ғаламтор пайдаланушылардың бірі түсірген мына кадрде, КамАЗ-дың алдындағы 7 көлікті соққаны анық көрінеді. Салдарынан  1,5 жасар сәби көз жұмды. Тағы 21 адам түрлі дене жарақатын алған.

Ұлбике Нышанбай, зардап шегуші:

Машинамыз айналып кетті ме, бірдеме болды, шетке шығып кеттік. - Неше адам бар еді ішінде? - Біздің машинада үш адам едік. Артында бір қыз. Мен алдында отыр едім. Және жүргізуші. Түскен кезімізде алдымызда екі машина жатқанын көрдім. Одан кейін білмеймін.

Шымкенттегі жедел-жәрдем ауруханасында тағы үш науқас ем қабылдап жатыр. Екеуінің жағдайы орташа. Бір адам  жансақтау бөлімінде. 

Сәбит Байбосынов, Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Қойылған диагноз - қосарланған ауыр жарақат, бастың жабық ми жарақаты, мидың шайқалу диагнозы. Құрсақ сүйектерінің сынуы. Қуық қапшығының жыртылу диагнозымен жедел ота жасалды. Қазіргі таңда жағдайы ауыр, бірқалыпты. Ем қабылдауда.

Қазір апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Полицейлердің мәліметінше, тежегіш  істен шығуы мүмкін деген болжам жасалған. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Самат ҚАНАҒАТОВ 


Алдыңғы жаңалық