Алматыда
трамвайдың қатысуымен болған жол апатынан зардап шеккен бір науқас жансақтау
бөлімінде жатыр. Бұл жайында қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі
Нұржан Исабеков хабарлады.
Ауруханаға жеткізілген бес
науқастың екеуі дәрігердің қарауынан кейін үйіне қайтарылған. Тағы екі
адам аурухананың травматология бөлімінде
ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы орташа, дейді дәрігерлер. Нұржан Исабековтің
айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан 33 жастағы әйел апат кезінде ауыр жарақат
алған. Омыртқа сүйегі зақымданған науқасқа жедел ота жасалыпты.
Нұржан
Исабеков, Алматы
қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:
Диагнозы
12-ші омыртқаның жабық түрде жарақаты жылжып, екінші науқас - іш құрлысының
жарақаты, бас миының шайқалуы.
Апатқа
қатысты «Алматыэлектротранс» серіктестігінің баспасөз қызметі де ақпарат
таратуда. Олардың дерегіне сай, трамвай Шевченко көшесімен батыс бағытты бетке
алған тұста көліктен күйген иіс шығады. Жүргізуші трамвайды тоқтатып,
жолаушыларды сыртқа шығарған. Өртке қарсы құралды пайдаланып апаттың алдын
алмақ болады. Көлік Шевченко мен Наурызбай көшелерінің қиылысында тұрып
қалғандықтан, кептеліс орын алады. Дереу жеткен полицейлер жүргізушіден
трамвайды көше қиылысынан алып тастауды талап еткен. Трамвай жүргізушісі
доңғалақтардағы тежегішті босатқанда, еңіске қарай жылжыған көлік жылдамдығын
үдеткен. Осы сәтте трамвай жүргізушісі мен оның жанындағы үйренуші көлікте
болмаған көрінеді.
Гаухар
Нөкербекова, «Алматыэлектротранс»
ЖШС баспасөз хатшысы:
Қазіргі таңда жол апатының
себептерін Алматы ІІД жол полициясы басқармасы мен «Алматыэлектротранс» ЖШС
арнайы комиссиясы анықтап жатыр. Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша кейінірек
айтатын боламыз.
Еске
салайық, кеше Алматыдағы Қарасай батыр мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында
ірі жол апаты орын алды. Үлкен жылдамдықпен жүйткіген трамвай жол бойындағы
көліктерді жапырып өтті. Салдарынан 14 көлік зақымданып, 5 адам зардап шеккен
болатын.
Самат ҚАНАҒАТОВ