$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Қарағандылық үйде отырып білім алатын оқушылар роботтың көмегіне жүгінеді

AstanaTV
24.09.2015ж. 20:00
1284
Қарағандылық үйде отырып білім алатын оқушылар роботтың көмегіне жүгінеді

Қарағандылық жарым жан оқушылар енді мектептегі сабаққа үйлерінде отырып-ақ, қатыса алады. Бұған олар кәдуілгі роботтың көмегі арқылы қол жеткізді. Ақылды техника жеткіншектердің сыныптастарымен сөйлесіп, мектепішілік мәдени шараларға тартылуына жол ашты. Роботтарды Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернаты сатып алған. Осындай сабақтардың біріне тілшіміз де қатысып қайтты.

Руслан Жалаев сабаққа үйінде отырып қатысты. Роботтағы монитор арқылы мұғалімді тыңдап, түсінгенін айтып жатыр. Ал үзілісте құрдастарымен сөйлесті. Жастайынан төрт қабырғаға қамалған бала үшін - бұл үлкен қуаныш. Руслан анда-санда бір көретін сыныптастарымен енді тығыз араласып, қоғамдық шараларға да қатыса бастаған.

Руслан Жалаев, Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар мектеп-интернатының оқушысы:

Әдетте балалармен араласып, ақпарат алмасу өте қиын. Ал робот менің көзімді ашты. Оның арқасында мектепте өткен Абай оқуларына қатыстым.Үйден шықпай-ақ, өлеңдерін жаттап, оқып бердім. Үлкен әсер алдым.

Мектеп оқушылары роботты кейде Русланның атымен, кейде «Аватар» деп атайтын болған. Оған өз сыныптастарындай қарайды. Ақылды техника техника үйден білім алатын оқушылар мен оларға сабақ түсіндіретін ұстаздардың нағыз көмекшісіне айналды. Сыныпта емін-еркін жүріп, естігенінің бәрін басқарушысына жеткізеді.

Владислав Шаль, Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар мектеп-интернатының мұғалімі:

Робот баланың бір мезетте үйде де, мектепте де болуына мүмкіндік жасайды. Кәдімгі компьютерлік ойын сияқты. Оқушы оны интернет арқылы басқарып, қалаған жағына бұра алады. Мониторға қарап сабақ айтады, үй тапсырмасын тексертеді.

Альмира Сағынтаева, Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар мектеп-интернатының оқушысы:

Робот арқылы балалар бізбен бірге сабақ оқиды. Біз ол арқылы жаңа оқушымен таныстық. Кейде одан білмегенімізді сұраймыз. Қасымызда сабақ оқиды.

Ақылды көмекшіні мектеп-интернат 2 млн теңгеге сатып алған. Әзірге оның көмегімен 3 бала білім алуда. Алдағы уақытта педагогтар тағы 10 шақты оқушыны қосуды жоспарлап отыр. Үйде отырып оқитын балалардың ыңғайына қарай сабақ кестесі дайындалмақшы. Ал көптеген әлеуметтік, зияткерлік ойындардардың авторы Руслан Робот көмекші арқылы білімін шыңдап, жаңа жобалар жасауды қолға алмақ.

Айжан ҚУАШ