Түркияда
екінші рет өткелі отырған парламент сайлауы
қарашаның біріне белгіленді. Бүгінде саяси додаға қатысуға 29 партия өтініш
жасаған. Дегенмен елдегі сарапшылар, негізгі тартыс
4 партияның арасында болады, деп болжайды.
Айта кетейік, мемлекет тарихында парламент сайлауы
осымен 25-ші рет өткізілмекші.
Бұл - жазда өткен сайлаудың
жалғасы іспетті. Маусымдағы
сайлаудың қорытындысы бойынша Әділет
және даму партиясы көп дауыс жинаған. Алайда, билік басында 13 жыл отырған
партияға 17 орын жетпей қалды. Сондықтан өзге партиялардың бірімен коалиция
құруы және 45 күн ішінде қайта сайлау өткізуге тапсырыс беруі тиіс еді.
Талаптар орындалмағанын ескерген уақытша үкімет сайлау күнін белгіледі.
Мүждат Өзтүрік, сарапшы:
7 маусымдағы
сайлау қорытындысына сай, 4 партияның бірімен коалиция құрады деп күттік. Бірақ олай болмады. Сайлаудан соң Түркияда саяси
ахуал күрделеніп, ел ішінде теракті көбейді. Жарылыстар жалғасып жатыр. Үрейі
ұшқан халық екінші рет өткелі отырған
сайлаудан қауіптенеді.
Халықтың
саяси науқанға деген белсенділігі айтарлықтай емес. Егер елдің шығысындағы
қарулы қақтығыс тоқтамаса, сайлау екінші рет өткізілмеуі мүмкін,
деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Сондықтан Әділет және даму партиясының
төрағасы Ахмет Дәуітоғлұ қарсыластарын
терроризммен күресуге шақырды.
Ахмет
Дәуітоғлұ,
Әділет және даму партиясының төрағасы:
Шын саяси додаға қатысқыларыңыз
келсе, бір-бірімізге күйе жақпай, демократиялық жолмен тартысқа түсейік.
Сондай-ақ түрлі насихатқа ермейік. Терроризмге жол
бермеуіміз керек. Дегенмен, мынаны есте ұстаңыздар. Алдағы сайлауда міндетті
түрде біз жеңіске жетеміз. Мен оған сенімдімін.
Айхан
Билген, Демократиялық халықтық партияның баспасөз хатшысы:
Соңғы
айларда партиямыздың ғимараттарын өртеп, құжаттарымызды жоқ қылды. Жақын
күндері бұл істің артында кімдердің тұрғаны анықталады. Бұл әрекеттер біздің
сайлауға деген дайындығымызға кедергі бола алмайды. Ертеңнен бастап 30 шақты қалада митинг өткізіп,
сайлаушыларымызды қанаттандыратын боламыз.
Сайлауға
29 партия өтініш берген. Енді үгіт-насихат жұмыстары басталады. Негізгі тартыс төртеудің арасында өрбиді. Олар - Әділет және
даму, Республикалық халықтық партиясы мен Ұлтшылдар қозғалысы. Сондай-ақ, күрдтер
қолдайтын Демократиялық халықтық партия.
Самат Сүлей, тілші:
Зерттеу институттары халық арасында жүргізген сауалнамасын
жариялады. Алғашқы болып 40 пен 44 пайыз
арасындағы дауыспен Әділет және даму партиясы жайғасқан. Екінші орында - оппозиция
өкілдері. Ал 10 пайыздық межені бағындырып, үшін сатыға көтерілген - Ұлтшылдар
қозғалысы мен күрдтердің Демократиялық
халықтық партиясы. Дегенмен, бұл сандар сайлау кезінде өзгеріп кетуі мүмкін.
Самат СҮЛЕЙ