$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Келер жылғы шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аукцион арқылы жеке меншікке сатыла бастайды

AstanaTV
23.09.2015ж. 20:00
Келер жылғы шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аукцион арқылы жеке меншікке сатыла бастайды

Келер жылғы шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аукцион арқылы жеке меншікке сатыла бастайды. Ал 2019 жылдан жұмысын бастайтын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне әр адам жалақысының екі пайызын аударатын болады. Осы және өзге де жаңашылдықтарды қарастыратын заң жобалары Мәжілісте мақұлданды. Сонымен қатар бүгін палата төрағасының жаңа орынбасары сайланды. Аталған қызметті бұған дейін атқарған Дариға Назарбаева вице-премьер болып тағайындалғалы бері бұл орын бос тұрған. Айгүл Әдепбай су жаңа вице-спикерге сұрақтар қойып, суретке де түсіп келді.

Мәжілістің бүгінгі күн тәртібі Палата төрағасының орынбасарын таңдаудан басталды. Заң бойынша вице- спикерлікке кандидатты төрағаның өзі ұсынады.

Тасболатов Абай Бөлекбайұлының кандидатурасын ұсынып отырмын. Кішкентай лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін өскен жігіттердің бірі. Ал қандай пікірлеріңіз болады?

Пікірлер көп айтылмады. Депутаттар әдеттегідей бір жеңнен қол шығарып, қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп бір апта бос тұрған Дариға Назарбаеваның орнын Абай Тасболатов басты.

Төрағаның әскери қалжыңы бекер емес. Абай Тасболатов - генерал-лейтенант. Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Жасы 64-те. Жаңадан тағайындалған вице-спикерді қыруар жұмыс күтіп тұр. Депутаттар 36 сұрақты қарауға алды. 2016 жылдың ортасынан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аукцион арқылы жеке меншікке сатылады. Бүгінде мұндай жерлердің негізгі үлесі, яғни 100 млн гектарға жуық жердің 98,8 пайызы ұзақ мерзімді жалға берілген. 1,2 пайызы - жеке меншікте. Алайда депутат Владислав Косарев аукционнан жерді біреу сатып алады дегенге сенбейді.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚКХП фракциясының мүшесі:

Мен сізге қызықпаймын, Ерболат Асқарбекұлы, сізде жерге қатысты істерді қолға алып, тәртіп орнататын адам жоқ. Жермен айналысатын органдарда өз пайдасын күйттеген ашкөз, адамгершілігі жоқ қызметкерлер отыр. Шаруалар шөп шабуға жер таппай жүр, ал кейбіреулер түрмеде отырып-ақ, жүздеген гектар жерді иелігінде ұстайды. Пайдакүнемдер құйқалы жерлерді алып, қазір тастап кетті. Енді соларды осы заң арқылы басқаларға сатпақсыңдар. 

Алайда министр Ерболат Досаев депутаттың пікірімен келіспейді. Адамгершілігі жоқ қызметкерлер барлық салада да бар, дейді ол.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Олар бар жерде жетіп жатыр ғой. Жалғыз жер мәселесінде емес.

Жерге қатысты тағы бір мәселе. Қазақстанға тиесілі жерлер өзге мемлекетке сатылмайды. Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Айта кетейік, осыған дейін ақпарат құралдары: «Ресей акционерлік қаржы корпорациясының бастығы Евтушенков Қазақстаннан жер сатып алғысы келетінін хабарлады», - деп мәлімет таратқан.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Шетелдіктер Қазақстанның жерін сатып ала алмайды. Олар тек 25 жылға жалға алуға құқылы. Бірақ әзірге біздің жерді жалға сұрап келген шетелдіктер жоқ.

Депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасын да мақұлдады. Оған сәйкес 2019 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтар жалақысының 1 пайызын, ал 2020 жылдан 2 пайызын медициналық қорға аударып отыруға міндеттеледі. Ал қалған 15 категория бойынша мемлекеттің жәрдемі қаралған.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Мемлекет 8,1 млн азаматқа жарна төлейтін болады. Солардың ішінде балалар, студенттер, қариялар зейнетақы жасындағы, мүгедек азаматтар, соның ішінде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар да бар. 

Қазақстандықтардың міндетті медициналық сақтандыру қорынан аузы күйген. Елімізде 90 жылдары құрылған қордың экс-бастығы Талапкер Иманбаев жиналған қаржыны ұрлап, шетелге тайып тұрды. Ол 1998 жылдан бері халықаралық іздеуде. Бірақ министр ханым, мұндай жағдай қайталанбайды, деп сендірді. 30-дан астам сұрақтың жартысын депутаттар түс ауа қарады. Ал  үзіліске шыққан су жаңа вице-спикерді журналистер күтіп алды. Абай Тасболатов айтарлықтай реформа енгізбейтінін мәлімдеді. Әскери тәртіп орнатпаймын деп те қалжыңдады. Әдетте автобуспен жиі жүретін депутат одан түсуге  асықпайтын сияқты.

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Қойыңдаршы енді. Откуда вы узнали? Я езжу, да, на автобусе. И на такси. И буду ездить.

Сөз соңында вице-спикер журналистермен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ