Алматыдағы
ірі жол апатына полицейлердің қатысы жоқ. Бұл ақпаратты қалалық ішкі істер
департаменті баспасөз қызметінің
жетекшісі Салтанат Әзірбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
Салтанат
Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Трамвайдың
жүргізушілері полиция қызметкерлерінің талабымен сынып жатқан жерінен алып
тасталынды деген мәліметті тексеруге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге
асырдық. Нәтижесінде бұл мәлімет шындыққа жанаспағанына көз жеткізіп
отырмыз. Бұл жалған болып шықты.
Қазіргі таңда осы мәліметті әлеуметтік желіде және БАҚ-да таратқан барлық
тұлғалар анықталып, бұл іс-әрекеттерінің негізгі мақсаты айқындалатын болады.
Жедел
басқару орталығы навигациялық жүйелерінің GPS құрылғысы арқылы жол-полициясы
экипаждарының қозғалысы бақыланған. Тексеріс қорытындысына сай орталық пультке
алғашқы хабар 11 сағат 22 минутта жетеді. Онда Шевченко көшесі бойымен
жүргізушісі жоқ трамвайдың кетіп бара жатқаны жайлы ақпар түскен. Бұдан бұрын
хабарлағанымыздай, «Алматыэлектротранс» серіктестігінің өкілдері «полицейлер оқиға
орнына келіп, трамвайды жолдан алып тастауды бұйырғанын»
айтқан.
Еске салайық. 21 қыркүйек күні Алматыдағы Қарасай батыр және
Байтұрсынов көшелерінің қиылысында ірі жол апаты орын алды. Үлкен жылдамдықпен
жүйіткіген трамвай жол бойындағы көліктерді жапырып өтті. Салдарынан 14 көлік
зақымданып, 5 адам зардап шекті.
Самат ҚАНАҒАТОВ