$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Әскерге барғысы келмейтіндер көбейген

AstanaTV
25.09.2015ж. 10:00
2499
Әскерге барғысы келмейтіндер көбейген

Әскерге барғым келмейді! Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданының соқталдай жігіттері арасында, Отан алдындағы борышын өтеуге асықпайтындар көбейген. Бұл жайында арнамызға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы айтты. Биыл бұл ауданнан әскер қатарына 1 мың 300 адам шақыру алыпты. Бірақ олардың 40 пайызға жуығы азаматтық борышын өтеуден бас тартқан. Онсыз да, дәрігерлер: «тепсе темір үзетін азаматтардың аз екендігін» айтады. Денсаулығы  жастайынан сыр бергендердің ішінде, жүрек-қан тамыры, бүйрек ауруына шалдыққандар көбейген. Әлсіздік танытқандардың арасында, Қазталов ауданындағы жастармен жұмыс істейтін қоғам белсенділері де бар болып шықты.

Юрий Кауисов - БҚО Қазталов аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы:

Повестка жібергенмен, олардың ата-анасы алмайды: бала деген Ақтауда, білмеймін, енді, өзі кәмелетке жеткен бала, обшым, өзіне беріңдер деген сияқты. Плюс еще есть ата-аналар бар, Ақтауда БТР батып кетті, ана жерде бір солдат өліп қалды, мына жерде бір солдат өліп қалды дегенге біздер жібермейміз, -  дейді. Сондай негативный фактор влияет..

Бет-жүзін көрсеткісі келмеген мына жігіт те әскерге барғысы жоқ. Айтуынша, жуырда ғана жұмысқа орналасқан. Екі қолға бір күрек табудың оңай  болмағанын айтқан ол: «әскер қайда қашар»- деді.

Армияға барсам, менің жұмысым сақталмайды, ол жақта босқа бір жылымды жоғалтамын. Қайтып келгенше бітірген оқуымнан қарайып қаламын. Сосын лайықты жұмыс тапқанша, уақыт өтіп кетеді. Сондықтан, бір жыл болса да уақытымның босқа өтпегенін қалаймын. Әскерге барғысы келетіндер бізсіз де жетеді ғой.

Еркін КАРИН