$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Оралда темір жол депосының 300-дей қызметкері бір сәтте жұмыссыздар қатарына қосылды

AstanaTV
25.09.2015ж. 20:00
1230
Оралда темір жол депосының 300-дей қызметкері бір сәтте жұмыссыздар қатарына қосылды

1 қазаннан бастап Оралдағы темір жол депосы өз жұмысын тоқтатады. Осылайша, ондағы 300-дей қызметкер жұмыссыздар қатарына қосылмақ. Компания басшылары мұны тапсырыстың аздығымен байланыстырып отыр. Яғни темір жолдағы жүк тасымалы бірнеше есеге азайған.

Қазір тәулігіне 4-5 пойыз ғана жүреді, осының салдарынан мекеме 98 млн теңге шығынға батқан. Басшылық жұмысты жаңа жылға дейін тоқтату туралы шешім қабылдапты. Олар келесі жылдан бастап жағдайдың түзелерінен үмітті. Алдағы айда жолға шығатын жаңа локомотивтер жүріске шыдамды. 120 тәулік бойы тоқтамай жүк таситын бұл техника жөндеу депосының көмегіне мұқтаж емес көрінеді. 

Әділбай Қанатбаев, «Қамқор локомотив» ЖШС  басқарушы директоры:

Осы жылда ондай жұмыс жоқ осы районда, осы учаскеде. Сонымен локомотивтер енді кірмейтін болды, жұмыс жоқ деп. Содан кейін не болып жатыр, обновление локомотивного парка. Жаңа тепловоздар келеді осы участокке. Сосын тіпті келмейді осы депоға. Жұмыс болмаса, ликвидация болады бұл мекемеде. Жауып тастаймыз, болды!

Босап қалған 300-дей қызметкерге жұмыссыз отырғаны үшін алдағы үш ай бойы жалақысының жартысы төленеді екен. Бүгін соңғы локомотивті жөндеп, ұзақ сапарға әзірлеген олар енді не істейміз деп дағдарып отыр.

Наталья Анотонова, «Қамқор локомотив» ЖСШ техника қауіпсіздігі инженері:

Бұл әңгіме көптен бері айтылып келеді. Бірақ ешкім бұған дайын болған жоқ. Өйткені көбінің қарызы бар. Онсызда аз жалақының жартысына шиеттей бала-шағасын қалай асырайды?

Елена Землянушнова, «Қамқор локомотив» ЖСШ жұмысшысы:

Жұмысшылардың ішінде зейнетке шығуға аз уақыт қалған азаматтар да бар. Кейбірі тіпті зейнетке шығар күнді санап жүр. Енді айлығы азайса, тиісінше зейнетақысы да аз болады ғой. Ал басшылар мұның барлығын заңға жаба салды.

Еркін КАРИН