$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Доллардың қымбаттауы отандық өндірісті тұралатты

AstanaTV
29.09.2015ж. 20:00
1537
Доллардың қымбаттауы отандық өндірісті тұралатты

Қарағандының машина жасау зауыттары тау-кен өндірісінің жаңа сатысына көшпек. Олар ауыл шаруашылық техникасын жөндеп, ірі жүк тіркемелерін шығаруды үйренбекші. Бұған дағдарыс түрткі болған. Бүгінде өндіріс көлемі бірден 70 пайызға азайып кеткен. Мамандар біздің тілшіміз Айжан Қуашқа, қазір шағын тапсырыстар көбінесе ресейлік шахталардан түсіп жатқанын айтқан.

Қарағандының №1 машина жасау зауыты 2011 жылы ашылған болатын. Кен орындарындағы машиналар мен қондырғы тетіктерін өндіретін ірі кешен қарамағына 28 кәсіпорын енген еді. Қазір оның тең жартысына жуығы ғана қалған. Доллардың бірнеше мәрте қымбаттауынан кейін шетелдік тапсырыстар сиреді. Жарты жылда кәсіпорын 250 млн теңге табысынан айырылды. Қазір Украинадан металл сатып алып, одан жасаған тетіктерін Ресейге сатып күнелтіп жатыр.

Сергей Тюков, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС №1 машина жасау зауытының қаржы директоры:

Ресейлік кәсіпорындар тапсырыс ақысын алдын ала төлемейді. 1-2 айға қарызға алады. Сондықтан, оған қаржыны өзіміз құямыз. Айналымдағы ақша ірі көлемдегі тапсырыстарға жетпейді. Банктерден несие сұрасаң, жылдық үстемесі 27-30 пайыз. Осының кесірінен келіп тұрған қаншама тапсырыстардан бас тарттық.

Айжан Қуаш, тілші:

Экономикалық тұрақсыздық салдарынан өндіріс көлемі күрт азайған. Қазір зауыттың 5 цехының 3-еуі ғана жартылай жұмыс істеп тұр. Бұрынғы жүздеген адамның орнына санаулы маман еңбек етуде. Станоктар болса тоқтап тұр.

Мына цехтарда қондырғы тетіктерін жасаған 350 жұмыскерден қалғаны 75-ақ адам. Көбісі қысқарталған не басқа қызметтерге ауысып кеткен. Зауытта қалғандардың бірі -Максим Краюшкин.

Максим Краюшкин, №1 машина жасау зауыты термикалық кесу машинасының операторы:

Экономикалық тұрақсыздық байқалады. Тұтынушылар тапсырысты қарызға алғандықтан, біз де аванс алатын болдық.

Машина жасау зауыты екі жылдан бері осылай тұралап тұр. Өнімді Қазақстанда алатын ешкім жоқ. Қарағанды шахталарын басқаратын «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы да арзан тетікті Еуропадан тапқан.

Болат Кенжин, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС директоры:

Отандық өнімге толық көшкен жоқпыз. Өнім көлемі 70 пайызға азайды, бұл - қауіпті көрсеткіш. Қазақстандық қондырғыларды алмайды бізде. Бәрі еуропалық сапаға ұмтылады. Бізге тау-кен өндірісіне қажетті қондырғы өндіретін зауыттарға инвестор тарту мәселесін қолға алу қажет. Банктер төменгі пайызбан несие берсе жақсы болар еді.

Қарағандылық кәсіпкерлер экономикалық тұрақсыздық қазақстандық өнімді күн өткен сайын азайтып, ығыстырып жатқанын айтады. Сондықтан отандық  өндірушілер Астанада өтетін форумға үкіметтен көмек сұрап бармақшы.

Айжан ҚУАШ