$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Оңтүстікте шағын және орта бизнес шарықтап келеді

AstanaTV
30.09.2015ж. 20:00
1888
Оңтүстікте шағын және орта бизнес шарықтап келеді

Оңтүстік Қазақстан облысында әлемдік дағдарысқа қарамастан, жеке кәсібін ашуды ұйғарғандар қатары артып келеді. Бір ғана тамыз айында елуге жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмысын жолға қойған. Дегенмен, доллар бағамының күрт көтерілуі тығырыққа тіреген салалар да жоқ емес. Кәсіпкерлердің жағдайын Айзада Төребекқызы байқап келді.

Еліміздегі кеңсе қағаздарын шығарумен айналысатын жалғыз зауытта қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Мына қондырғылардың тоқтап тұрғанына екі аптаның жүзі болыпты. Зауыт басшыларының айтуынша, негізгі қиындық доллар бағамының шарықтап кетуімен байланысты. Өйткені мына секілді шикізат тек шетелден әкелінеді.

Қоймада мынадай ақ қағаздардың мыңнан астам данасы қатталып тұр. Ал жұмысшылары уақытша демалыста. "Бірақ жалақысының тең жарымын төлеп отырмыз, бұл мәжбүрлік", - дейді зауыт өкілі. Өйткені отандық өнімге сұраныс азайған. Ал доллардың өсуі тауар бағасын да шарықтатты. Өйткені шикізат 50-60 пайызға қымбатқа түсіп отыр.

Юрий Колесников, қағаз шығаратын кәсіпорын бас директорының кеңесшісі:

Біз шикізатты Финляндиядан, Ресейден аламыз. Доллар және еуромен есеп айырысатындықтан, тауар қымбаттап кетті. Сол себепті біз 650 теңгеден сатқан қағазды 950 теңгеге көтеруге мәжбүрміз. Бірақ бәрі Ресейдің арзан өнімін алғанды құп көреді. Сондықтан доллар тұрақтағанша, тоқтай тұрмасақ, шығынға бататынымыз анық. Бізге Үкімет тарапынан бір қолдау болса, дейміз.

Бұл қиындықтан аймақтың кәсіпкерлер палатасының өкілдері құлағдар. Олар, теңгенің құлдырауынан тауарларын қайда сатарын білмей жүргендер баршылық, дейді.

Мақсат Қасымбеков, ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Бір мәселе - бұл конкуренцияның көбеюі. Ол жаңағы Ресей Федерациясының кәсіпкерлерінің тауарлары құны біздікіне қарағанда аздығы, сосын, екіншіден, басқа жақын мемлекеттердің нарыққа кіруі, сондықтан көп кәсіпкерлер өзінің тауарын қалай сатарын білмейді. Тауар сату көлемі кішкене қысқарып жатыр.

Туындаған қиындықтарға қарамастан, аймақта өз кәсібін ашып жатқандар бар. Гүлзира Сыдықова өзінің жеті бауырымен бірігіп сұлулық салонын ашыпты. Апалы-сіңлілі қыздар әйелдерге бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Олар, дағдарыс деп дағдарып қалуға болмайтынын түсіндік, дейді.

Гүлзира Сыдықова, жеке кәсіпкер:

Ай сайын жалақыға жұмыс істедік. Сондықтан қолымыздан келіп тұрғанда, неге өзіміз ашпасқа, неге өзіміз жұмыс істемеске. Доллар көтерілді. Бірақ, құдайға шүкір, біз оған қараған жоқпыз. Бізге қиындық тудырған жоқ.

Бір ғана тамыз айында аймақта 47 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Олар төрт жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қанат Сыдықов, ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл құрылыс саласы болады, ол балабақша ашу, балаларды тәрбиелеу мекемесінде, ауыл шаурашылық саласында, ол жерде мал бордақылау. Қазір интенсивті бау-бақша өндіру мәселесінде де мекемелер ашылып жатыр.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 188 мыңға жуық  шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы кезде индустриалды-инновациялық бағытқа басымдық беріп жатқандар бар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ