$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Тараздың түбіндегі ауыл шошқа шаруашылығын көшіруді талап етуде

AstanaTV
30.09.2015ж. 20:00
3967
Тараздың түбіндегі ауыл шошқа шаруашылығын көшіруді талап етуде

Харамнан құтқарыңыздар! Тараз қаласының маңындағы Шөлдала ауылының тұрғындары осылай деп шу шығарды. Олар шошқа шаруашылығын ауылдан көшіруді талап етіп отыр. Өйткені 200 бас шошқа асырайтын кәсіпкер 10 жылдан бері су мен көшені лайлады, қолқаны қабатын иістен зығыр болдық, деп ашынды. Шөлдалалықтардың шошқаға қарсы шуынан не шықты? Данияр Әлімқұл тарқатады.

Шошқадан шошынған жұрт, тыныстың тарылғаны бер жағы, дейді. Тұрғындар ауылдағы арықтар ішіне шошқа нәжісі ағып жатқанын айтады. Ал өлексесі аяқ астында шашылып жатады екен.

Қойсын Палжерова, Шөлдала ауылының тұрғыны:

Бұл фазендалар - шошқа бағатын бола ма, сиыр бола ма - әрбір фазенда халық отыратын жерден 5 шақырым әріде болу керек, дейді. Оны айтсақ, түсінбейді. Қайта шошқа қора көбейді.

Көптің наразылығын тудырған - мына қора-жайдан шыққан нәжіс иісі. Тұрғындар, ішер суымыз да ластанып жатыр, дейді.

Осының мына сіңген боғын халық су қылып ішіп отыр. Бізде насоспен су жоқ. Жер астындағы су.

Үйіміз тиіп тұр. Еш демалу мүмкін емес. Не деген сүйектер, не деген шыбын, не деген қоқыс? Тіпті дем алмаймыз. Өмір сүру қиын.

Ауылдықтардың арызы мұнымен бітпейді. Мына талпақ танау тұқымына тұрғызылған сарайда, оның азығын даярлау үшін, рәзеңке жағылады екен. Ал оның қара қою түтінінен кешкілік көкжиекті көру мүкін емес, дейді көпшілік.  Ал шаруашылық қожайыны болса, мыңғырған мал асыраушылармен тірлігінің тең екенін айтты.

Владимир Елюков, жеке кәсіпкер:

Осылай кәсіппен айналыссаң болды, көрші-қолаң қызғанышпен қарайды. Мемлекеттің бір тиын көмегінсіз осы күнге жетіп отырмын. Бұл орта лас болатыны рас, енді таза ұстауға тырысамыз. Алдағы екі аптада қора-қопсы айнадай жалтырап тұратын болады.

Ал «Шөлдала» ауылының 11-ші аумақ жауаптылары бұл кәсіпкерді білмейтін болып шықты. «Бұдан басқа да шошқа асырайтын орындар бар. Сол жерлер тап-тұйнақтай, таза. Мал дәрігерлерінің қатаң қадағалауында», - деп сендірді.

Бахрум Искаков, Шөлдала ауылы №11 аумақ бас инспекторының міндетін атқарушы:

Ол жағынан, бауырым, ешкім ешкімнің үйіне кіре алмайды. Сол тек қана барып, сол сыртты тазаласын деп, указание береміз. Шошқа ұстайтындар бізде тағы 3-4 жерде бар. Бұл кісі жайында бірінші рет сізден естіп отырмын.

Осылайша, жауапты маман, шошқа жайды көшірсін деген, ауылдықтардың тілегі орындалмайтынын айтты. Қора үшін ауыл шетінен арнайы жер бөлінбейтін болды. Есесіне, мал дәрігерлері барып, тазалықты қадалауын талап етпек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ