$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Инвестициялар және даму вице-министрі: Ескі көліктер қолданыстан алынбайды

AstanaTV
01.10.2015ж. 20:00
977
Инвестициялар және даму вице-министрі: Ескі көліктер қолданыстан алынбайды

Көліктердің утилизациясы - барлық ескі автокөліктерді қолданыстан алып тастау деген сөз емес. Мұны инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау машина жасаушылардың үшінші форумында айтты. Шенеуніктің айтуынша, бұл бағдарлама қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Сондықтан ескі көліктерді зорлықпен тартып алмаймыз, деп отыр. 

Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Бұл жүйе өте оңай түсіндіріледі. Мысалы, Германияда сен көлігіңді утилизацияға тапсырасың да, МАИ-дан тіркеуден аласың. Ал бізде керісінше, тіркеуден алынған көліктің қайда кететіні белгісіз. Ол жай тұрмай, қоршаған ортаға зиянын тигізіп тұрады.

Ведомство басшылығы сонымен қатар, машина жасау саласында жыл басынан бері 29 пайызға құлдырау байқалатынын хабарлады. Дегенмен сарапшылар, жалпы машина жасау саласы экономикалық дағдарысты біртіндеп еңсеріп келеді, деген ойда. Министрліктің ақпаратына сенсек, тамыз айында өсім байқалып, шілде айымен салыстырғанда, 117 пайызға артқан. 

Альберт Рау сонымен қатар «сұр дилерлердің» жағдайын да түсіндірді. Бұған дейін кей ақпарат құралдары мемлекеттік органдар көлік саудасынан нәпақа тапқан кәсіпкерлерге кедергі келтіріп жатқанан жазған болатын. Ал вице-министрдің айтуынша, бұл жерде мәселе автодилерлердің лицензиясына қатысты. Яғни бұдан былай лицензиясыз алып сатарлар көліктерді оңды-солды саудалай алмайды. Шілде айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін көліктерді шектеу бойынша құзырлы министрліктің бұйрығы да шықты.

Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Мәселен, Еуропада тауарды шығарушының сенімхатысыз автосалон ашып, олардың көлігін саудалай алмайсың. Ал бізде ондай «сұр дилерлер» емін-еркін Ресейден көлік айдап әкеліп, салон ашып, сата қоямын, деп ойлайды. Енді оған жол жоқ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ