$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Алматыда электронды билет сату жүйесі күшіне енді

AstanaTV
01.10.2015ж. 20:00
1132
Алматыда электронды билет сату жүйесі күшіне енді

Бүгін Алматыдағы 200-ге жуық автобуста электронды билет сату жүйесі күшіне енді. Бірінші болып жаңа жүйені билік өкілдері сынап көрді.

Алматыда жалпы саны 1600 қоғамдық көлік бар. Электронды терминал әзірге 200 көлікке орнатылыпты. 15 қазанға дейін электронды тақталар барлық қоғамдық көліктерде болады деп жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктердің бағытында 370 бақылаушы болады.  Олар жол ақысын төлемеген жолаушыларды анықтап, жаза қолданады.

Юрий Ильин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

Жаңа жүйе іске қосылып, диспетчерлік қызмет жұмыс жасауда. Талаптарды орындамаған мекемелерге әкімшілік шаралар қолданылады. Ал белгісіз бір себептермен жаңа жүйеге көшпеген автопарктердің иелерімен, керек болса, келісімшартты тоқтатамыз.

«Көлік холдингі» серіктестігінің ақпаратына сәйкес, аз қорғалған әлеуметтік топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Мектеп оқушылары, студенттер мен зейнеткерлерге карточкалар тегін таратылады. 1 қаңтарға дейін кейбір көліктерде жол жүру ақысын ақшамен төлеуге болады. Ал жаңа жылдан бастап қала тұрғындары толығымен электронды билет сату жүйесіне көшеді.

Карточкаларды «Оңай» сөзі жазылған парақша ілінген дүңгіршектерден сатып алуға болады. Оның құны 400 теңгені құрайды. Алматыда күніне 1 миллионға жуық жолаушы қоғамдық көлікті пайдаланады.

Самат ҚАНАҒАТОВ