$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Алматы облысының шаруалары қызылша өсіріп, рекордтық өнім жинады

AstanaTV
01.10.2015ж. 20:00
1413
Алматы облысының шаруалары қызылша өсіріп, рекордтық өнім жинады

Алматы облысының шаруалары қызылша өсіріп, рекордтық өнім жинады. Күздік егіс жинау науқанының бірінші күні-ақ, бастапқыда 350 гектар өнім жинауды жоспарлаған шаруа қожалықтары, гектарынан 700-750 центнерден өнім алды. Мәселен, Көксу қант зауытына екі сағат ішінде 200 тонна өнім жеткізілген. Өндіріс орны өкілдерінің айтуынша, бүгінде нысан тәулігіне 1600 тонна қызылша өңдеуге қауқарлы.

Жалпы биыл өңір бойынша 4 мың гектар  қызылша дақылы себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 3 есеге артық. Осылайша шаруалар  алғаш рет 120 мың тонна тәтті түбір жинауды жоспарлап отыр. Ал келер жылы қызылша егу 6 мың гектарға ұлғайтылмақ. Мемлекет тарапынан бұл бағытта 240 миллион теңге көлемінде субсидия да қарастырылған.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары шикізаттың тапшылығына байланысты шаруашылықтар майбұршақ өсіруге ауысып, қант қызылшасының егістік көлемі азайған болатын.

Галина Баймұрзаева, Көксу қант зауыты қадағалау кеңесінің төрайымы:

Көксу қант зауыты науқанға сақадай сай тұр. Өндірісті тоқтаусыз жүргізуге қажетті алғышарттың барлығы жасалды. Тәулігіне нысан  1600 тонна қызылша өңдеуге қауқарлы. Бізге шикізаттың неғұрлым көп болғаны әрі үздіксіз тасымалданғаны керек. Зауыт 1 күн де тоқтамауы тиіс. Нысанның 1 тәулік тұралап қалғаны 5 млн теңге шығынға тең. Сондықтан біз де шаруашылықтарға шығысудың жолдарын қарастыруға дайынбыз.

Жұрағат БАМАН