$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордалық «Астана» футбол клубы түркиялық «Галатасарай» клубымен тең түсті

AstanaTV
01.10.2015ж. 20:00
1439
Елордалық «Астана» футбол клубы түркиялық «Галатасарай» клубымен тең түсті

Елордалық «Астана» футбол клубы УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойынында, өз алаңыда түркиялық «Галатасарай» клубымен тең түсті. Есеп - 2:2. Осылайша Станимир Стойловтың шәкірттері алғашқы ұпайға ие болды. Тартысты өткен футболды тілшіміз Жұрағат Баман да қарап, түрік жанкүйерлерінің пікірін білді. 

Отыз мыңнан астам жанкүйер сыйып кететін «Астана – Арена» кеше лық толды. Елордалықтар өз командасына барынша қолдау көрсетті. Бұл күні «Борат еліне барам» деп әлеуметтік желіде мысқылдаған Подольскиге жұрттың назары ауды. Астаналық фанаттар «қисынсыз» әзілдеген неміс жігітінің әр доп алған сәтіне ысқырып, бар қаһарын жаудырған-ды. Ал Подольскидің өзі ондайға еті үйреніп кеткенін айтып, мән бермегендей сыңай танытты.

Лукас Подольски, «Галатасарай» ФК шабуылшысы:

Мен 25 жыл бойы футбол ойнап келе жатырмын. Сондықтан ысқыру сияқты жанкүйерлер тарапынан жасалатын қысымға үйреніп кеткенмін. Маған ондай еш әсер етпейді.

Лукас Подольски ғаламторда ғана емес, жасыл алаңда да ойыншылардың намысына тиетін сөздер айтқан көрінеді. «Астана» командасының қорғаушысы Дмитрий Шомко елордалық жанкүйерлердің «фейсбуктағы» парақшасында неміс футболшысының ойында былапыт сөздер сөйлеп, қазақстандықтардың намысына тимек болғанын айтқан.

Кездесудеге келсек, алғашқы болып қонақтар гол соқты. Ойынның 31-ші минутында Билал Кисаның алыстан бағыттаған добы нысанаға дәл тиді. Бұдан кейін Станимир Стойлов шәкірттері қарымта шабуыл жасап, Джуниор Кабананга түрік қорғаушысының қателігін ұтымды пайдаланып, допты қақпаға бағыттады. Ал бұл соққыны қайтармақ болған қорғаушы Хакан Балта өз қақпасына доп жіберіп алды. Ойынның негізгі уақытының аяқталуына төрт минут қалған кезде, қарсылас команда ойыншысы Синан Гүмүштің соққысын Эрич қайтара алмады.

Ненад Эрич, «Астана» ФК қақпашысы:

Пробил игрок «Галатасарая», такая территория. Я чуть-чуть мяч не протащил, мяч хорошо двинулся в ворта,  все вы видели.

Алайда «Астана» футболшылары еңселерін түсірген жоқ. Азулы командамен тең дәрежелі ойын көрсеткен олар 89 минутта Рохер Каньястың алыстан баспен ұрған добы арқасында есепті теңестіріп кетті. Осылайша, Чемпиондар лигасының дебютанты «сенсация» жасады. Қортынды есеп «Галатасарай» командасының жанкүйерлерінің көңілінен шықпаған көрінеді. Түріктер есе жіберіп алдық деп налыды.

Абдулла Балджы, жанкүйер:

«Галатасарай» группасында ең азы үшінші орынға, тіпті «Бенфикамен» иық тірестіріп, екінші орынға шығады деп ойлағанмын. Алайда, азулы командыны ұтпақ түгілі, кеше ғана құрылған жас командадан айласын асыра алмады. Қырық жылдық жанкүйер ретінде бұл есеп жаныма қатты батты. Шынымды айтсам, түнімен ұйықтай алмай, бүгін жұмысқа кеш келдім.

Ибрахим Эккиз, спорт комментаторы:

Біздің бапкердің қателігі Қазақстан мен Түркия арасындағы матчтарды көрмеген екен. Егер алдын ала қарағанда, астаналықтардың қателіктері мен басымдықтарын байқап, сабақ алар еді. Себебі «Астана» футболшыларының көпшілігі ұлттық құрамада ойнайды. «Астана» командасының тарихына қарасам, 2009 жылы құрылған екен. Яғни қысқа ғана уақытта бұндай белесті бағындыру - үлкен жетістік. Ал кешегі ойында «Галатасарай» 100 рет алаңға шықты. Демек, тәжірибесі мол, бірақ кемшіліктері көп болды.

«Астана» командасы келесі ойынын 21 қазанда сырт алаңда Испанияның «Атлетико Мадрид» командасымен өткізеді. Кеше УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бірқатар кездесулер аяқталды. Айта кетсек, «Ювентус» - «Севилья» 2:0, «Шахтер Донецк» - «Пари Сен-Жермен» 0:3, «Манчестер Юнайтед» - «Вольфсбург» 2:1, «ЦСКА» - «ПСВ» 3:2,  «Мальмё» - «Реал Мадрид» 0:2, «Боруссия» - «Манчестер Сити» 1:2 және «Атлетико Мадрид» - «Бенфика» 1:2. 


Алдыңғы жаңалық