Сириядағы
ахуал, дәлірегі оның айналасындағы «ақпараттық соғыс», ушығып барады. Бүгін
лаңкестікке қарсы коалиция Ресей әуе күштерінің шабуылын ашық айыптайтынын
білдірді. Тіпті Парижде өтіп жатқан «норманд төрттігі» саммитінде қаралуы тиіс
негізгі мәселе тап осы Сирия тақырыбының тасасында қалғандай.
Айта
кетейік, Ресей, Германия, Франция және Украина басшылары Парижде бас қосты. Күн тәртібіндегі мәселе -
Минск келісімін жүзеге асыру. Сириядағы қақтығысқа Мәскеудің араласуы бұл
саммиттің жұмысына да бірқатар түзетулер енгізді.
Елисей
сарайы төрт елдің басшыларын қабылдауға дайындалып жатқан тұста әлемдегі
ақпарат құралдары мүлде басқа тақырыпты қызу талқылауға көшті. Дауға тамызық
болған - Ресей әуе-ғарыш күштерінің Сирия аумағындағы «Ирак-Левант лаңкестік
тобы» жасақтарына қарсы әуе соққысы. Ресей президенті Владимир Путин болса,
«Сириядағы лаңкестерге беталды соқтыққанымыз жоқ, қолымызда «Мәскеу бізді
қорғасын» деген мағынадағы Сирия билігінің сұрау хаты бар», деп мәлімдеді.
Владимир
Путин, Ресей президенті:
Өзге
елдердің Сирия аумағында шабуыл жасауға кіріскеніне бір жылдан асты. Олар бұл
әрекетті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарынсыз, Сирия билігінің сұрауынсыз жасап
жатыр. Ал бізде ол бар және біз тек лаңкестермен ғана күресетін боламыз.
Құрамына
7 мемлекет кіретін лаңкестікке қарсы коалиция Ресей әуе күштерінің шабуылын
бірден айыптады. Сауд Арабиясы тіпті Сириядағы әскери-әуе операцияларын тез
арада тоқтату жайлы Мәскеуге талап қойған.
Абдулла
әл-Муаллими, Сауд Арабиясының БҰҰ тұрақты өкілі:
«Сауд
Арабиясының делегациясы Сирия аумағындағы әскери-әуе шабуылдарына қатысты
алаңдаушылық білдіреді. Өйткені операция жүргізілген аумақтарда «Ирак пен
Левант лаңкестік тобы» жасақтары жоқ. Бұл соққылардан бейбіт адамдар қаза тапты.
Біз шабуылдың тез арада тоқтатылғанын және енді қайталанбауын талап
етеміз».
Тұтас
коалиция да мұны қолдап отыр, тек
Германиядан басқасы. Күтпеген жерден Ангела Меркель Сириядағы ушыққан
ахуалдың Ресейсіз шешілмейтінін айтып қалды.
Ангела
Меркель, Германия канцлері:
Баспаналарын
тастап қашқан адамдар, соғыстан қауіптенбей, алаңсыз өмір сүруге кіріскенде
ғана, проблема шешімін табады. Бұл әсіресе Сирияға қатысты. Ал бұл мәселелердің
шешімін табуы тек Ресейдің қатысуымен ғана жүзеге асады.
Осылайша,
«норманд төрттігі» саммитіне қатысушылар ондағы негізгі тақырып - Украинадағы
ахуалмен қатар, Сириядағы жағдайды да талқылады. Париж келісімінің қалай
аяқталарын дәл болжау әзірге қиын. Тек бір ғана нәрсе белгілі, бұл саммит Франция үшін
геосаяси жағынан ғана емес,
сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да аса маңызды. Француз дереккөздерінің
мәліметінше, егер Минск келісімі табысты жүзеге асса, Ресейге қарсы санкция
тақырыбы осы жылдың соңына дейін күн тәртібінен алынбақ.
Базаргүл
ОТЫНШИЕВА