$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қызылжарда жер астындағы жылу құбыры жарылды

AstanaTV
02.10.2015ж. 20:00
1236
Қызылжарда жер астындағы жылу құбыры жарылды

Қызылжарда жылу құбыры жарылып, жолда ыстық су атқылады. Су сол маңдағы бірнеше үйге жайылды. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде жақында құбыр ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Солардан қалған үш шұңқырға су жиналып, көлшік пайда болған. Коммуналдық қызметтердің селқостығынан шаршаған қария тығырықтан шығар жолды өз бетінше қарастырып көрген.

Ильхамия Гизатуллина, қала тұрғыны:

Қарасам, жертөлем толған су. Тереңдігі 30 сантиметрдей болды. Арнайы сорғышпен бәрін далаға төгіп тастадым. Біраз уақыт өткен соң тағы қарасам, қайта тола бастапты.

Коммуналдық қызмет өкілдері болса, кінәні бір-біріне сілтеп әлек. Қалалық сумен қамту кәсіпорны жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде құбырларды жаналап өткенін, яғни терең қазбағандарын айтады. Ал «Петропавл жылу жүйелері» компаниясының мамандары сұқбат беруден мүлдем бас тартты. Бүгін қос тарап судың сынамасын зертханаға жіберді. 

Арман Сауытов, «Қызылжар су» ЖШС техникалық директоры:

Ыбырай Алтынсарин көшесінде «Қызылжар су» серіктестігі жөндеу жұмыстарын өткізіп жатыр. Бірақ біз жер астын қазған жоқпыз. Тек жер бетіндегі құбырларды ғана ауыстырып жатырмыз. Дәл сол жерде тереңде жылу құбырлары жатыр. Тасыған су ып-ыстық. Яғни бұл апатқа кінәлі біз емес екені айдан анық.

Абзал ҚҰРМАНКИН