$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Түркияның бірнеше қаласын су басты

AstanaTV
02.10.2015ж. 20:00
1463
Түркияның бірнеше қаласын су басты

Ал Түркияда төтенше жағдай! Толассыз жауған жауынның салдарынан елдің солтүстік-батыс өңіріндегі бірнеше қаланы су шайды. Ал Сакария облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл аймақ тұрғындары болса, уақытша басқа жерге көшірілген. Мұнда жауын соңғы екі күннен бері тоқтамай жауып тұр. Жергілікті билік, табиғи апаттың алдында дәрменсіз екендерін, айтады. Олар, жаңбыр басылмайынша, ештеңе істеу мүмкін емес, дейді. Толығырақ Түркиядағы меншікті тілшіміз Самат Сүлейдің репортажында.

Соңғы күндері тоқтаусыз жауған ақ жауын алып шаһар Ыстамбұлды да айналып өтпеді. Қала ішіндегі көлік апатының көп тіркелуі және кейбір жолдардың жабылуын жаңбырмен байланыстыруға болады. Ал елдің солтүстік-батысындағы бірнеше қалада транспорттың барлық түрі тоқтатылған. Себебі сел сейілмейінше, рөлге отыруға рұқсат жоқ.

Шелектеп жауған жаңбыр суынан Сакария облысының үш ауданы зардап шегуде. Баспаналарға су кірген. Осының салдарынан, жүздеген үйдің дүние-мүлкі жарамсыз болып қалды. Ал көлік жүргізушісі Мұрат Мехмет жиырмадан аса оқушымен жолда қалғанын айтады.

Мұрат Мехмет:

Бірнеше ауылда тұратын оқушыларды мінгізіп, мектепке шыққан едік, күтпеген жерден жолда қалдық. Тасқынның күші қатты, сене алар емеспіз. Енді кейбір балаларды үйіне жеткізе алмай отырмын.

Мектеп, емхана секілді әлеуметтік ғимараттарға да су кірген. Дегенмен зардап шеккен адамдар туралы деректер жоқ. Ал жауыннан пайда болған сел электр бағаналарын құлатып, темір жолдың рельстерін аударып тастаған. 

Біз қазір қаланың қақ ортасында тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, су белімізден келеді. Ағысы өте қатты.

Шағбан Шимар, Сапанджа ауылының әкімі:

Тұрғындардың барлық заттары су астында қалды. Бәрінен бұрын диқаншыларымызға өте қиын болды. Себебі жаздай еккен егістігімізде ағып кетті. Яғни бұл қыс бойы жейтін нанымыз еді. Дәл қазір қолдан келетін ешқандай шарамыз жоқ. Тек жауынның тоқтауын күтеміз және мемлекеттен көмек сұраймыз.

Синоптиктердің болжамынша, Түркияның солтүстік-батысындағы жауын жексенбіге қарай толастауы мүмкін. Қазір бұл аймақтарда төтенше жағдай жарияланды.

Самат СҮЛЕЙ